Абай облысы әкімдігі 2024 жылы "Қазақстан барысы" атанған Ерасыл Қажыбаевқа уәде етілген пәтер неліктен берілмей жатқаны жөнінде Ulysmedia.kz порталының ресми сауалына жауап берді.
ЖАРТЫ ЖЫЛДАН АСТЫ
Қазақ күресінен «Қазақстан барысы-2024» турнирінде топ жарған семейлік Ерасыл Қажыбаев облыс әкімі сыйлаған пәтерді әлі алмағанын «Спорт+» арнасына берген сұхбатында айтқан еді. Пәтердіңң сертификатын Ерасылға былтыр Абай облысының сол кездегі әкімі Нұрлан Ұранхаев табыстаған.
Пәтердің сертификатын бергенімен, кілтін әлі алған жоқпын. Жарты жылдан асса да табысталмады. Облыс әкімі де ауысып кетті. Нұрлан Ұранхаевтың орнына Берік Уәли келгендіктен, табыстаудың әлі реті келмей жатқан шығар деп ойлаймын, - деген еді Ерасыл Қажыбаев.
ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ
Ulysmedia.kz порталы Ерасыл Қажыбаевқа пәтер табыстала ма, жоқ па деген ресми сауалды Абай облысының қазіргі әкімі Берік Уәлиге жолдаған. Жауап оның орынбасары Ербол Садырдан келді.
«Қазақстан барысы-2024» турнирінің жеңімпазы Ерасыл Қажыбаевқа 2024 жылы 30 қазанда Абай облысының сол кездегі әкімі Н.Ұранхаев пәтердің сертификатын табыстаған. Пәтер мәселесін демеушілер есебінен шешу жолдары қарастырылып жатыр.
Абай облысында тұрғын үй кезегінде 20 148 адам тұр (оның ішінде Семей қаласы 14 240). Олар - жетім балалар, халықтың әлеуметтік осал топтары, көпбалалы отбасылар, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, – делінген жауапта.
Ерасыл Қажыбаев “Қазақстан барысы” атанған болатын. Осыдан кейін балуанға белгілі меценат Дулат Тастекеев жол талғамайтын қымбат көлікті сыйға тартқан.