«Дәстүр» фильмінің бас продюсері Алмас Жәлимен қазіргі трендтер, бизнес идеялар, тәуекелдерді басқару сияқты қызықты тақырыптар жайлы YouTube арналардың біріне сұхбат берді, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
«Дәстүрді» түсіруге қанша қаржы кетті
Хоррор жанрында түсірілген алғашқы қазақша фильм қоғам тарапынан әрқилы қабылданды. Біреулер мақтаса, енді біреулері туындыны үлкен экраннан көрсетуге тыйым салуды талап етеді. Десе де, "Дәстүр" фильмі кассалық жинақ бойынша рекорд орнатты.
«Дәстүр» фильмінің кассалық табысы әзірге 1,4 млрд.теңгеге жетті. Фильм қазақстандық кинотеатрларда қаңтар айының соңына дейін жүретінін ескерсек, бұл сома әлі де қомақты бола түспек. Алдағы уақытта «Дәстүр» фильмі Кореяда өтетін, жалпы Азия мен Еуропада өтетін кино фестивальдарда бақ сынайды. Жалпы фильмді түсіруге 200 млн.теңге көлемінде шығын кетті», - дейді режиссер.
Режиссердің айтуынша, «Дәстүр» фильмінің кейсі сәтті венчурлық инвестицияның бір мысалы.
«Дәстүр» фильмінің премьерасы «Бизнес по-казахский», «Бишарашки-2» сияқты комедиялық жанрдағы фильмдермен қатар басталды. Әрине, Жаңа жыл қарсаңында адамдар көңіл көтеретін фильмдерді көргісі келеді. Бұл біз үшін үлкен сынақ болды. Хоррор фильм Қазақстан көрермендері арасында өтімді бола ма, болмай ма, алаңдаушылық болғаны рас. Бізге инвестиция жасағандар венчурлық инвестиция, яғни ақылды капитал жұмсады. Бұл қысқа уақытта қайтатын инвестиция. Біз мұны ақтадық деп есептеймін», - дейді ол.
Оқи отырыңыз: “Дәстүр” қылмысты ақтау үшін қолданылмаса екен - заңгер пікірі
Креативті салықтық жеңілдік
Алмас Жәли креативті индустрия өкілдерін салықтан босату туралы шешімге қатысты пікір білдірген.
«Қазақстанда креативті экономикаға деген қызығушылық күн санап артып келеді. Мемлекет басшысының өзі бұл туралы жиі айтып, үкіметке осы бағытта жұмыс істеп жүргендерге жеңілдіктер қарастыру туралы тапсырма берді. Кино индустриясы да осы креативті экономикаға жататындықтан айта кетейін, ЖШС-тер 8 пайыз, жеке кәсіпкерлер 2-4 пайыз ғана салық төлейді. Бұл біз сияқты өнер туындыларын жасайтын жастарға үлкен қолдау. Егер кәрістер өз ана тілдерінде әлемдік деңгейдегі фильмдер түсіріп жатса, дорамаларды айтпағанда, онда неге біз сондай деңгейге жетпейміз?», - дейді ол.
Жуырда үкімет шешімімен шығармашылық субьектілері КТС, жеке табыс салығы, ҚҚС төлеуден босатылды. Олар енді бірыңғай салықты ғана төлейді. Бұл жеке кәсіпкерлер үшін 2%-дан 4%-ға дейін, ЖШС үшін 8%-ға дейін. Тек компанияның жылдық айналымы 2,2 миллиард теңгеден аспауы, ал штатта 200 адамнан көп болмауы қажет.
Жалидің бизнес жобалары
Алмас Жәли креативті индустрия өкілі ғана емес, техника, гигиеналық тауар өндірісімен айналыстын бизнесмен болып шықты.
«Қазақстанның тұрмыстық техника шығаратын өз бренді жоқ. Мысалы, Өзбекстанда «Артель» деген бар, Ресейде ондаған тауар маркасы, Қытай туралы айтпаса да болады. Біз қазір зауыт салып жатырмыз. Тоңазытқыш шығаратын зауыттың құрылысы. Мұнда мен де құрылтайшымын. Қомақты қаржы салдым. 2019 жылы желтоқсанда бизнес серіктесіммен қоғамдық тамақтану орнын ашқанбыз. Екі айдың ішінде барлық шығынымыз ақталды. Бизнес тым жақсы жүрді. Алайда 2020 жылы наурызда басталған пандемия ауыр соққы болды. Біз бұл салада тәжірибеміз аз болғандықтан, пандемия жағдайында қалай бизнес істеуге болатынын білген жоқпыз. Қазақстандықтар жақсы біледі деп ойлаймын, «Мама знает...» брендін. Сәбилердің жөргек киімі. Және әйелдерге арналған «EVA» маркалы гигиеналық бұйымдар шығаратын бизнесіміз бар. Жоспар әлі де көп», - деп ашығын айтты ол.
Алмас Жәли деген кім?
Алмас Жәли Павлодар қаласының тумасы. Жасы 28-де. ҚТЛ түлегі. Алмас жайында ресми дереккөздерде ақпарат аз. “ВКонтанкте” желісіндегі өмірбаянында ол Назарбаев Университетінде 1 жыл оқығаны, CES-те IELTS-те оқытушысы болғаны, халықаралық SAT емтиханын сәтті тапсырып, Stanford және Duke университеттеріне түскені жазылған.
Алмас Ninetyone тобының продюсері болған. Оның ең танымал жобаларының бірі "Ирина Қайратовна" тобы. 2021 жылы үлкен экранға «Отыздан асып барамын» фильмі шыққаннан кейін, Алмасты Астанадағы шенеуніктер кездесуге жиі шақырып, ол ресми орындарда төбе көрсетіп қалып жүрді. Ол бизнесмен, “Respublika” партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаровтың інісі.
Алмас кейін brave Talents компаниясын құрды. Brave Talents - ТМД аумағында танымал медиа тұлғаларды қолдаумен және influence маркетингтің толық циклімен айналысатын медиа компания. Нарықта 3 жылдан астам жұмыс істейді. Қызметтер тізіміне influence marketing, SMM, креатив, production, PR және digital marketing кіреді.