Журналист Думан Мұхаммедкәрімнің бір топ жақтасы Қонаев қаласындағы сот ғимаратына жиналды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz masa.media-ға сілтеме жасап.
Не болды
Сағат 10:30-да басталуы тиіс Думан Мұхаммедкәрімге қатысты сот отырысы 12:00-ге ауыстырылғаны хабарланды. Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, сотта Талдықорғаннан журналист келгенше үзіліс жарияланған.
Қонаев қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Сағынай Мұсағитов сотқа келген Мұхаммедкәрімнің жақтастарына «рұқсатсыз бейбіт жиналыс өткізу заңсыз» деді. Жиналған жұрт оған тек журналистке қолдау көрсету үшін келгендерін айтты.
Мұхаммедкәрім сот ғимаратына жеткізілгеннен кейін оның жақтастары «Думанға бостандық!» деп айғайлай бастады. Қонаев прокуроры Айдос Шорманов «тәртіп бұзылса, шара қолданылатынын» ескертті.
Полиция журналист мінген көліктің аулаға кіріп бара жатқанын видеоға түсіруге болмайтынын айтып, журналистердің жолын жауып тастамақ болған. БАҚ өкілдері оған қарсылық білдіріп, түсіруге құқы бар екенін мәлімдеді.
Оқиға
2023 жылдың басында 2022 жылғы Қаңтар оқиғасын белсенді түрде жариялаған Мұхаммедкәрім Мәжіліс сайлауына қатысудан шеттетілді. Кейін полиция оны азаматтарды «заңсыз әрекетке» шақырды деп айыптады.
2023 жылы 22 маусымда журналист тергеу сотының шешімімен қамауға алынды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысу» (405-баптың 2-бөлігі) және «Экстремизмді қаржыландыру» (258-бап, 1-бөлігі) баптары бойынша күдікті деп танылды. Оған экс-банкир Мұхтар Әблязовпен сұхбат негіз болды.
2023 жылдың 1 қарашасында Мұхаммедкәрімнің президент пен құзырлы органдар тергеу изоляторындағы сұмдық жағдайға назар аударуы үшін өз өмірін қимақ болғаны белгілі болды. Ол өз хатында оппозициялық көзқарасы үшін заңсыз қамауға алынғанын жазған. Журналистің айтуынша, ол өз талаптарын айтып, бірнеше рет аштық жарияласа да, қолын кесіп тастаса да биліктің назарын аудара алмаған.
2024 жылдың 12 ақпанында Мұхаммедкәрімге қатысты сот жабық отырысқа ауыстырылды.