«Көзі ашық вахабиспіз»: Оралда ұршық иірген әжей мен бейтаныс ер адам дауласып қалды (ВИДЕО)

Қалижан Бектемір

Еліміздегі су тасқынына байланысты әлеуметтік желіде суды қайтарады делінетін ырым-жоралғылардың видеолары тарап жатыр. Солардың бірі – ұршықты кері иіру, деп жазады Ulysmedia.kz.

Фото: видеодан скрин

Оралдық әже де Жайықтың жағасына келіп, ұршығын теріс иіріп отырады.

Су патшасы Сүлеймен, ағысыңды теріс бұр. Иіріміңді халыққа емес, кең жазық далаға бұр. Аллахым, халқыма тыныштық бер, – дейді ол. Содан соң әжей суға ақ орамалын жайып, судың кері қайтуын тілейді.

Су кері кетсін деп ақ жаулығымды жауып жатырмын. Иіріміңді кері әкет, халқыма тыныштық бер, – деп бата оқиды.

Алайда мұны көрген бейтаныс ер адам әженің әрекеті теріс екенін айтып:

- Андағы қойдың жүні. Ондай нәрсе болмайды, апа, - деп айғайлайды.

- Болмайды деп тұрған сен - бүгін туған баласың. Бұл менің ата-бабамның, халықтың ата-бабаларының жасаған ырымы. Сен қазіргі бақабистердің әңгімесін айтпа, - дейді әжей.

- Мен де халықпын ғой, - дейді сөзге дес бергісі келмеген әлгі жігіт. - Біз вахабист болсақ та көзі ашық вахабиспіз ғой. Алладан «прямой» тілеуге болады. Сіз сияқты қаншама апалар үйлерінде жатыр...

- Мен бахабис емеспін. Мына тер сіңген жіп «иірімді кері қайтарады» деген қазақтың нанымы болған.  

- Ол нәрсе практикада жоқ қой, апа, - дейді «көзі ашық вахабист».

- Бұл саған зиян ба? - дейді әжей де қалыспай.

- Әлбетте, зиян!

- Саған да зиян емес, маған да зиян емес! - дейді әжей амалы құрығандай сөйлеп.