Байден Климат жөніндегі саммитке келмей қалған Путинді сынады

Ulysmedia

АҚШ Президенті ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мен Президент Владимир Путинді Глазгодағы саммитке келмегені үшін сынға алды. Байден Ресейдің "климатқа қатысты өте күрделі проблемалары бар" деді. 

Фото: Ашық дереккөзден

АҚШ президенті Джо Байден Глазгодағы Климат жөніндегі саммитте Қытай мен Ресейді сынға алды, деп хабарлайды РБК.

Оның сөзінің негізгі тезистерін the New York Times жариялады. Оның айтуынша, Қытай, Ресей сияқты, саммитке «келмеді», десе де ол әлемдік көшбасшылықтан үмітті дейді.

«Путин де сол секілді. Оның тундрасы жанып тұр. Оның климатқа қатысты өте күрделі проблемалары бар, бірақ ол ештеңе жасағысы келмейді»,- деді Байден.

Бейжің, АҚШ президентінің пікірінше, саммитке келмей «үлкен қателік жіберді».

«Ол бүкіл әлемдегі адамдарға және БҰҰ мүшелеріне ықпал ету мүмкіндігін жоғалтты», - деп атап өтті Байден.

БҰҰ мұрындық болуымен Шотландияда Климат жөніндегі әлемдік конференция 31 қазан мен 12 қараша аралығында өтеді. Әлемдік көшбасшылар саммиті 1 және 2 қарашада өтті. Конференцияға қатысушылар жаһандық орташа температураның өсуін индустрияға дейінгі деңгейден 2 градустан төмен ұстап, температураның өсуін 1,5 градусқа дейін шектеуге бірлесе күш салмақ. Ол үшін зиянды қалдықтардың, ең алдымен көмірқышқыл газының көлемін азайту керек.

Путин Глазгоға бармады, сонымен қатар саммитте онлайн сөз де сөйлеген жоқ. Оның өкілі Дмитрий Песков Глазгода мұндай мүмкіндік жоқ екенін түсіндірді. Сонымен бірге, ол Ресей Президенті орман шаруашылығын басқару және жерді пайдалану жөніндегі конференцияға бейне хабарлама жазғанын атап өтті.

Қорытынды конференцияда сөйлеген сөзінде Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Путин мен Цзиньпиннің Глазгодағы саммитке келмеу туралы шешімдерін құрметтеуге шақырды.