«Ауадағы» ресейлік көліктер жаппай айып тұрағына қойылады - дереккөз

Ulysmedia

Осы демалыс күндері желіде ресейлік нөмір таққан көліктердің жаппай айып тұрағына қойылатыны туралы ақпарат тарады. Ulysmedia.kz тілшісіне елордадағы жол полициясының өкілі расында тиісті нұсқау түскенін, қазақстандық азаматтар тізгіндеудегі көрші ел машиналарын тексеру күшейтілгенін айтты.

Фото: ашық дереккөзден

«Мәселені ашық айта алмаймын. Алайда жергілікті заңмен рәсімделген темір тұлпар иелері оларды тәртіпті жиі бұзады, қатты жүреді деп шағымданатынын жасырмаймын. Оның үстіне қажетті ресурстан (РФ аумағынан әкелінген машиналардың - ред.) «тарихын ақтарғанда», көбісінің қасымыздағы мемлекетте тура сондай мәліметтегі, бірақ көліктің өзі басқа үлгідегі «сыңары» барын жиі байқап жатамыз», - деді аты-жөнін атамаған, алайда сенімді дереккөз.

Уатсап мессенджерінде қолданушылар ұзын-сонар тізімімн қоса өзара жолдаудағы, ресми құжатқа ұқсас парақта Ресейден Қазақстанға кірген 210 137 автокөліктің 88 401-нің РФ-да тіркеуден шығып кеткені жазылған. Сондықтан ешқандай есепте жоқ, «ауадағы» мұндай көліктерді елімізде пайдалануға тосқауыл қойылмақ.

Жоғарыда бізге түсініктеме берген Нұр-Cұлтан қаласы полициясының қызметкері, өздеріне алдағы уақытта ресейлік көлік жүргізушілерінің жиналып, Үкіметке наразылық білдірмек екені туралы ақпарат жеткенін хабарлады.

Алдағы күндері Ішкі істер министрлігі жағдайға байланысты қандай да бір мәлімдеме жасайды деген ойдамыз.