800 млн USER бар Қытай емеспіз – мамандар әлеуметтік желілерді тіркелуге міндеттеу туралы

Аян Өрібай

Депутаттар шетелдік әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді Қазақстанда тіркеуге міндеттеу бастамасын көтеріп жатыр. Мәжілісмендер осылайша баланы буллингтен қорғаймыз дейді. Шынында тың норма осы ниеттен туып отыр ма, жоқ әлде...

Фото: ulysmedia.kz

...БҰЛ БОСТАНДЫҚТЫ ШЕКТЕУ МЕ?

Мәжілісмен Динара Зәкиева мен Айдос Сарым әзірлеген заң жобасы (ҚР кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы) 15 қыркүйекте Мәжіліс қабырғасында бірінші оқылымда мақұлданып кетті. Құжат бойынша, шетелдік ірі мессенджерлер мен әлеуметтік желілер Қазақстанның уәкілетті органдарында міндетті түрде тіркелуі немесе елімізде өз өкілдігін ашуы керек. Болмаған жағдайда олар бұғатталады.

Қоғам белсенділері бұл заң жобасын «бала құқығын сылтау етіп, сөз бостандығын шектеу» әрекетіне теңейді. Мәселен, Мұхтар Тайжан өзінің facebook парақшасында аталмыш норманы маразмға теңесе, Руслан Түсіпбеков «халық өз ойын ашық білдіре алатын бірден-бір алаңның жабылып қалу ықтималдығы» барын жазады. Тіпті осы заң жобасын ілгерілеткен депутаттардың фотосы түрлі «мем» ретінде де тарап жүр.

«Бірінші кезекте мына мәселеге назар аударғым келеді: біз әлеуметтік желілерді «жабу» үшін емес, балалар құқығын қорғау үшін түзету енгіздік!»

Бұл Айдос Сарымның журналистерге жауабы. «Саясат іздемеңдер» дегенге келтіреді саясаттанушы.

АМАЛ ЖОҚ – VPN-ҒА ЖҮГІНЕМІЗ

ІТ саласының мамандарын сөзге тартып көргенбіз. NitroTeam және Spectre компанияларының техникалық директоры Батыржан Төтеевтің айтуынша, бұл өте ойластырылмаған қадам.

«Біз ондай компанияларға шарт қоятындай Қытай секілді ел емеспіз. Біз халқы өте аз, пайдаланушыларының саны шағын, кіп-кішкентай мемлекетпіз. Сондай компаниялар бізде өз өкілдіктерін ашады дегенге сену, тіпті, ақылсыздың ісі секілді. Олар біздегі нарықты менсінбейді де», - дейді ол.

Маманның айтуынша, бұл амалмен балаларды буллингтен қорғау мүмкін емес. Себебі буллинг жасаған адамның өзі олай жасаймын деп ескертпейді.

«Көпшілік VPN қызметін пайдаланып, бәрібір сол әлеуметтік желілерге кіреді. Дәл солай болады. Шынын айтқанда, анау бір «тақырбастың» арқасында кешкі сағат тоғыздан кейін бәріміз онсыз да VPN-ді қалай пайдалану керектігін үйреніп алдық емес пе!? Таяуда жасы алпыстан асқан танысым «қандай VPN-ді пайдаланған дұрыс деп ойлайсың?» деп сұрайды. Таңғалдым. Адамдар мұны да айналып өтетін амал табады», - дейді ол.

...БІЗ БАСҚА ЖОЛМЕН КЕТІП БАРАМЫЗ

Ал Қазақстан интернет қауымдастығы президенті Шавкат Собировтың айтуынша, қазір әлеуметтік желілерге талапты қатайту белгілері бүкіл әлемде байқалады.

«Бұл үрдістің шарықтау шегі – 2019 жылы АҚШ президенті болған Дональд Трампты әлеуметтік желілерде бұғаттап тастау кезі болды ғой деймін. Бұл жерде мәселенің екі емес, бірнеше ұшы бар. Әлемдегі осынау үрдіс айналып келіп біздікілерді де ойландырып жатыр. Қазір кибербуллинг, құқыққа қарсы контент, терроризмді насихаттау дейсіз бе, кез келген идеяны жылжыта беруге мүмкіндіктер ашық екенін жасыра алмаймыз», - дейді ол.

Әйтсе де бұл тұрғыда маман Қазақстанның басқа елдермен салыстыруға келмейтінін де ескертеді.

«Қазақстан Ресеймен де, Америка немесе Қытаймен теңесе алмайды. Интернетте отырған адамдарымыз аз, екіншіден жеріміздің ауқымы өте үлкен. Біз шынтуайтында шектеу шараларынан бұрын сол ірі компаниялардың өзі «неліктен осыған дейін Қазақстанда өз кеңсемізді ашпадық?» деп ойланатындай жағдай жасауымыз керек-тін. Мәселен, Сингапур олар үшін транзиттік мүмкіндіктерді ашып қойды. Ақыры сол google да, facebook та сол жақта кеңселерін ашты», - дейді ол.

Шавкат Собиров биліктің ірі компанияларға кеңсе ашу, оның басшысын қазақстандықтардың ішінен тағайындау секілді шарттарды қойғысы келетінін түсінбей дал.

«Бізде интернетті пайдаланатын 800 млн USER-і бар Қытай емеспіз ғой. Ресей құрлы жоқпыз. Мәселені басқа жақтан реттеуге көшу керек еді. Президент кибербуллинг бойынша заңнамалық нормаларды әзірлеңдер деп тапсырған кезде дәл осылай жасаңдар демегеніне сенімдімін. Ол ең алдымен, құқықтық алаң құруды жүктеді. Шарт қоймастан бұрын оларды өзімізге тарта білуіміз керек еді. Елбасы айтпақшы, «әке-шешең секілді көршіңді де таңдай алмайсың». Екі алпауыттың ортасында отырып-ақ, осынау алып инфрақұрылымдарды өз пайдамызға жаратуымыз керек болатын. Бірақ біздікілер басқа жолмен кетті. Әлбетте, Microsoft секілді ірі компаниялар баяғыдан жұмыс істеп жатыр. Енді келіп, біз оларға директорыңды жұмыстан шығар да, орнына Қазақстан азаматын қой дейміз. Олар (депутаттар – ред.) заң жобасында бәрі де бір қатарда тұратындай норманы енгізіп қойыпты. Яғни сол түзетулер енгізілсе, оны орындауға тура келеді», - дейді Шавкат Собиров.

Аян Өрібай, Нұр-Сұлтан