Ыстық суға күйдіріп, иттің үйшігінде ұйықтатқан: Жетімдерді қорлаған мектеп директоры сотталды

Ulysmedia
Фото: 24.kz

Қарағанды облысында алты жетімді тәрбиелеуге алған отбасыға қатысты сот үкімі шықты, хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Қарағанды облысында сот 2018–2023 жылдар аралығында алты жетім баланы тәрбиесіне алған отбасыға қатысты үкім шығарды. Іс материалдарына сәйкес, балалар ауыл мектебі директорының үйінде тұрған. Алайда қамқорлықтың орнына олар жүйелі түрде зорлық-зомбылыққа, қорлыққа және ауыр шаруашылық жұмыстарына тартылған.

Сот деректерінде балаларды қолмен және әртүрлі заттармен — ожаумен, сыпырғыштың сабымен, тоқпақпен және күрек сабымен ұрғаны айтылды.

Кішкене қателіктері үшін оларды үй шаруасына жегіп, ауыр жұмыс істеткен. Жәбірленушілердің айтуынша, кей кездері оларды қайнаған сумен күйдіріп, иттің үйшігінде түнетуге мәжбүрлеген, тіпті нанды көңмен бірге жеуге дейін жеткізген.

Сот-медициналық сараптама кейбір балалардың денесінен 19-дан 47-ге дейін тыртық анықтаған. Бір тәрбиеленуші соққыдан кейін ауруханаға түсіп, алған жарақаттары мүгедектік болып қалған. Тағы бір балаға психикалық бұзылыс диагнозы қойылған.

Іс материалдарында бұл қорлықтарға отбасының қызы да қатысқаны көрсетілген. Ол оқиға кезінде кәмелетке толмаған болған.

Тергеу дерегінше, отбасы басшысы балаларға мемлекеттен бөлінетін жәрдемақыны алып отырған, оның бір бөлігін букмекерлік ставкаларға жұмсаған. Мемлекетке келген шығын 6,2 млн теңгеден асады деп бағаланған.

“Сот ер адамды 12 жылға, оның жұбайын 10 жылға, ал қызын 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сонымен қатар сот ерлі-зайыптыларды әрбір алты жәбірленушіге 10 млн теңгеден моральдық өтемақы төлеуге міндеттеді”, – делінген Қарағанды облысы сотының хабарламасында.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.