Газ жарылысы: зардап шеккендердің арасында балалар бар

Ulysmedia

Ақмола облысы Шортанды кентінде зардап шеккен балалардың арасында өте ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде, өкпені жасанды желдету аппаратында жатқандар бар деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ҚР ТЖМ

Қаза тапқан үш адамның біреуі бала, екеуі әйел болып отыр. Бұдан бөлек 11 адам зардап шегіп, оның ішінде алтауы Нұр-Сұлтандағы медициналық мекемеге, төртеуі Шортанды аудандық ауруханасына жатқызылған. Тағы біреуі үйге жіберілген.

«Аталған дерек бойынша өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзуға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Штаб құрылып, зардап шеккендердің отбасы туысқандарына орналастырылды. Әкімдік үйі өртеніп кеткендерге екі пәтер бөліп, жерлеу рәсімін ұйымдастыруға байланысты көмек көрсетіледі», – дейді құзырлы орын өкілдері баспасөз мәслихатында.

Құтқарушылардың айтуынша, бір отбасы екіншісінің үйіне қонаққа барған. Содан оқыс оқиғаның негізгі себебі ретінде газ баллонын пайдалану ережесін бұзу жайы аталуда. Жалпы барақ үлгісіндегі тұрғын үйдің үш иесі болған.

Еске сала кетсек, 2021 жылғы 16 қарашада, яғни кеше Ақмола облысының Шортанды кенті Линейная көшесінде газ баллоны жарылды. Аумағы шамамен 350 шаршы метрді құраған өрт сағат 22-35-те ауыздықталып, сағат 23:55-те толық сөндірілген.