Бүгін Алматыда ақын, диссидент, азаматтық белсенді Арон Атабек жер қойнына тапсырылды. Арон Атабектің есімі Қазақстанға 2006 жылғы Шаңырақ оқиғасынан белгілі. 15 жыл бұрынғы оқиғада ақын адамды кепілдікте ұстады, полицияны өлтірді және жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды деген айыппен сотталған болатын. Белсенді соңына дейін өзіне тағылған айыппен келіспей, сот белгілеген 18 жылдың 15 жылын түрмеде өтеп шықты.
Ulysmedia.kz тілшісі Оңтүстік астананың шетіндегі Шаңырақ шағын ауданына барып, 15 жылдан кейін ол жерде не өзгергенін, ол жақта адамдар қазір қалай өмір сүріп жатқанын біліп көрді.
Шаңыраққа кірген кезде ең бірінші кезекте жолдарға назарымыз ауды. Әділін айту керек, кейбір тұста тас жол теп-тегіс жайылған. Алайда көшелерді аралап кетсеңіз, батпақтап қалуыңыз мүмкін.
Шалшық – Шаңырақтың жолдарында кездесетін кедергі емес. Кез келген ауылдағы немесе қаладағы ой-шұңқыр бұл жерде де кездеседі. Тұрғындардың айтуынша, тас жол екі жыл бұрын жайылған, алайда көптен күткен жолдан көпшіліктің көңілі көп күтпей су сепкендей басылған секілді.
Үйлерден басқа мұнда қызығып қарарлық нысан жоқтың қасы. Ауданды аралап, көшеде қыдырып жүрген адам аз, себебі бұл жерде солай жүрерлік инфрақұрылым да байқалмайды: бос уақытты өткізетін немесе балаларға арналған алаң – саусақпен санап аларлық. Тіпті қарапайым аурухана, мектептер мен балабақшалар шектеулі. Шағын ауданда қандай проблемалар барын білу үшін осы Шаңырақта 2017 жылдан бері тұратын Аида Азаматованы сөзге тартып көрген едік.
ТАҒЫ ДА ЖОЛДАР МЕН ҚОҚЫС ЖАЙЛЫ
«2017 жылы осы жаққа көшіп келген кезде мұнда жол да, көше жарығы да болмаған еді. Жол ығы-жығы, маңайдың бәрі шашылып жататын. Қазір көріп тұрғаныңыз – көп-көрім өркениет. Ең жаманы, мұнда лас. Әкім Шаңырақтың ортасында отыр. Жалпы мұнда арықтардың бәріне қоқыс толып кеткен. Мен бұрын сол қоқыстың бәрін суретке түсіріп, әкімдікке жіберіп тұратынмын. Олар тек суретке түскен тұсы тазартады да, қалған жері сол күйі қала береді», - дейді әйел.
Оның айтуынша, ауданға қоқыстың шашылып жатуы көп ешкімді алаңдата бермейді. Аиданың айтуынша, көше сыпыруға келген сыпырушылар бәрін арыққа тығады. Ал маңайда орнатылған қоқыс жәшігі мен урносы жоқ. Сол себепті адамдар қоқысты далаға тастай береді.
ИНФРАҚҰРЫЛЫМНЫҢ ЖОҚТЫҒЫ
«Мұнда инфрақұрылым атаулы жоқ. Стадион болсын, бақ немесе әкімдіктің өзі де. Жай ғана барып қаралуға болатын медициналық мекеменің өзі де», - дейді тұрғындар.
Сонымен қатар аудан тұрғыны мектептерде бала толып кеткенін айтады. Ал балабақшада бала тәрбиелеу ісі аспазға жүктелген. Әйелдің өзі балаларын Алматыда оқытады екен. Медициналық көмек керек болса да қалаға баруға мәжбүр.
«Естуімше, екі мектеп бар. Бірақ көршілерімнің айтуынша, оларда бала лық толы. Біріншіден, бала толып кеткендіктен білім деңгейі де нашар деп естиміз. Балабақшаға бала апарсаң, онда білікті тәрбиешілер жоқ екенін көресіз. Ешқандай бақылау жоқ. Спортзал, фитнес дейсіз бе ештеңе салынбаған», - дейді Аида Азаматова.
«БӘРІ ДЕ КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ»
Аида жергілікті биліктің жұмысына қатысты бір жағдайды айтып берді. Тұрғындардың өтініші бойынша, шағын ауданда бір кезде балалар алаңы салынған екен. Алайда салынып бітісімен оған құлып қойылған көрінеді.
«Ол қоршалып, есігіне құлып қойылды. Оны салды, есеп берді, содан кейін жапты да тастады. Ешкім кіре алмайды. Балаларымды көшеге шығарғым келмейді. Жараланып қала ма деп қорқам. Өкініштісі, жаңағы балалар алаңының көзбояушылықпен салынуы. Әлкі «Әкім» деген сериалды көрген шығарсыз. Тура солай. Бюджетті игергеннен кейін ешкіміне сол балалар алаңының тағдыры қызық емес», - дейді ол.
Шынында да, біз барған кезде спорттық алаңның есігінде қара құлып тұрды.
ҚАУІПСІЗДІК
Аида бұл жерде өзін қауіпсіз сезіне алмайтынын айтады. Оның айтуынша, осыдан бір жыл бұрын Шаңырақтағы пәтерді тонау оқиғлары жиілеп кеткен. Сондай-ақ, Аида учаскелік полиция заңбұзушыларды бақылап, олардың теріс қылықтарының алдын алатын полиция қызметкерін ешқашан көрмегенін мәлім етті.
МЕҢІРЕУ ӘКІМДІК
Биік мінберден «халық үніне құлақ асатын мемлекет» туралы көп айтылғанымен, Алатау ауданының Шаңырақ ауылына бұл тұжырымдама тыңдала бермейтіндей елестейді. Аиданың айтуынша, проблемаларды Facebook арқылы реттеуге болады, ал жергілікті билікке қоңырау шалып, байланысқа шығу қиынның қиыны.
«Әкім тарапынан байланысқа келетін болсақ, басында кері байланыс болды, қазір олай емес, елемейді де. Маған бірдеңе керек болса, мен Facebook-ке жазамын, тек осылайша олар қандай да бір әрекет ете алады. Қоңырау шалып, шешу мүмкін емес. Осы көшеде бір оқиға болды, көршісінің кәріз көлігі бар, ол септик сорғызумен айналысып, бәрін құдыққа құйып жатыр екен. Әкімдікке телефон соқтым, «ештеңе білмейміз» дейді. Анда сілтеді, мұнда сілтеді, соңында Facebook-ке жаздым. Оосын олар найзағайдай жылдамдықпен шауып келді: полиция да жетіп кепті <. ..> Бастапқыда әкім Азамат Қалдыбековтің инстаграмына фотосын жіберген едім. Шынымды айтсам, жабық есікті қағудан шаршадым», – дейді Аида.
Бізбен әңгімелескен Айнұр Баймағамбетова да жергілікті шенеуніктердің жұмысы туралы осындай әсер қалдырды. Ол бір жасар ұлын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Айтуынша, ақшасы тамаққа ғана жетеді. Ол да аудан басшылығынан көмек ала алмаған.
«Әрине, әкімдікке жүгіндім, одан пайда болмады. Мысалы, мен өзім алатын әлеуметтік көмекті пәтерде тұратындықтан ала алмаймын. Мен балам үш жасқа толғанша үйде отыруым керек, бұл сұрақты әкімдікке жолдаған болатынмын, бекершілік болды», - дейді ол.
«Мен ол оқиға туралы білемін, ол кезде кішкентай едім, екінші сыныпта оқитынмын. Өте қорқынышты болды, тікұшақтарды, арнайы жасақтарды көрдім», - деді атын атағысы келмеген қыз бала.
Көбінесе аға буын өкілдері Шаңырақтағы оқиғаларды біледі. Олардың барлығы марқұм Арон Атабекке құрметпен қарайды.
«Мен бұл туралы естідім, бірақ мен ол кезде бұл жерде болмадым. Арон Атабек туралы да білемін, ол туралы ой-пікірім жақсы», - дейді шағын дүңгіршектің сатушысы.
Шаңырақ оқиғасы салдарынан сот 20-дан астам адамды шартты түрде жазаланып, төртеуі бас бостандығынан айырылған. Арон Атабектен басқа полиция қызметкерінің өліміне қатысы бар деген айыппен Құрманғазы Өтегенов 16 жылға, Ерғанат Тараншиев 15 жылға, Рүстем Тұяқов 14 жылға сотталды. Ең ауыр жаза Арон Атабекке тағайындалды (18 жыл).
Арон Атабек 18 жылдың 15-ін өтеп, 2021 жылдың 1 қазанында босатылды. Оның қалған мерзімі «бас бостандығын шектеу» жазасына өзгертілді. Белсендінің денсаулығы нашарлап, түрмеден шыққаннан соң көп өтпей өкпесі зақымданып ауруханаға түсті. Арон Атабек 24 қарашада қайтыс болды.