«Баламды ақша үшін жамандыққа қиды ма деп күдіктенем» – Аягөзде көз жұмған офицердің туыстары

Аян Өрібай

Аягөзде көз жұмған жас офицер Нұрсұлтан Алдамұратовты туған-туыстары екі күн бұрын соңғы сапарға шығарып салды. Биыл маусымда 26 жасқа толған офицер Қызылорда облысы Арал ауданындағы өзінің туған ауылы Саздыда жерленді.

Аягөз гарнизоны таратқан ақпаратта Алдамұратовтың өлімі жайлы «офицердің денесі үйінен табылды, алдын ала ақпарат бойынша ол өзіне-өзі қол жұмсаған» делінген. Алайда марқұмның туған-туыстары бұл нұсқаға күмәнмен қарайды. Ulysmedia.kz порталына берген мәліметінде олар нақты неден күдіктенетінін айтып берді.

Ulysmedia коллажы

«БЕЙНЕСІ КӨЗ АЛДЫМДА ҚАЛЫП КЕТТІ»

Нұрсұлтан Алдамұратовтың әпкесі Сәуле Алдамұратованың өзі де журналист. Қайғылы қаза болған күні Ulysmedia.kz тілшісі бірден әріптеске көңіл айтып, байланысқа шыққан. Сәуле сол тұста жалындап жүрген жас жігіт «суицид жасады» деген тергеу нұсқасына туған-туыстары сенбейтінін айтқан еді.

Марқұмның туған-туыстары әскери бөлімнің азық-түлік қызметінің бастығы Әзиз Бекбауды және әскери бөлім командирінің тәрбие және идеология жұмыстары жөніндегі орынбасары – подполковник Бақыт Қашқынбаевты әңгімеге тартып, видеоға түсіріп алған. Нұрсұлтан әскери қалашықтағы үйде Әзиз және Дидар деген өзінен жас екі жігітпен бірге тұрған. Осы екі жігіт Нұрсұлтанның қазасын бірінші көрген.

Әзиз Бекбау

«19 қыркүйек күні Дидар екеуміз оқу-жаттығудан сағат 22.30-да кеш шығып, сағат 22.40 шамасында үйге кірдік. Ойда ештеңе жоқ, аяқ-киімді шешіп жатқанбыз. Дидар үйге бірінші кіріп бара жатқан, біраздан кейін «асылып қалыпты, асылып қалыпты» деп артқа жүгірді. Ойнап тұр ма деп қалдым. Барып көргенімде шынында да асылып тұр екен. Беті, қолы бәрі көгеріп кетіпті. Мұндай жағдаймен бірінші рет бетпе-бет келдім. Бейнесі көз алдымда қалып кетті», – дейді ол.

Қорыққанынан екі жігіт сыртқа шығып кеткен. Бірден бригаданың командирі мен орынбасарына қоңырау шалып, хабар берген. 

«Өзім Нұрсұлтанды жақын тартқан едім. Қарапайым жігіт екен. Үйде негізі тамақты мен істейтінмін. Тамақ істеп, ішіп, ойда ештеңе жоқ, жүргенбіз. Қызмет жайлы айтатынбыз. «Мына жақ қиын екен, екі жыл өткізіп алайын, содан кейін қайтам» деп жүретін. Екі күн оқу-жаттығуға байланысты біз үйде көп болмадық. Ол (Нұрсұлтан) оқу-жаттығуға қатыспады. Өзім тыл қызметіндемін», – дейді Әзиз. 

Әзиз Нұрсұлтанның әскери бөлімнен ақшасы түскенін естігенін, Нұрсұлтанның «өзіміз бір жерде жуып отырмадық па» дегенін есіне алады. Оның қысым көргені жайлы естіп-білмегенін жеткізеді. 

«Прокуратура, криминалистер бәрі келді. Қарасақ есіктің аржағында (ішкі жағында) тағы кілт тұр. Есікті қатырды да, үйді мөрмен жауып кетті. Өзім әлі екі күннен бері ұйықтай алмаймын. Ол үйде тұрған енді бізге ауыр болады», – дейді ол. 

КӨКІРЕК ТҰСЫ АУЫРЫП ТҰРҒАНЫН АЙТЫП ШАҒЫМДАНҒАН

Әскери бөлім командирінің тәрбие және идеология жұмыстары жөніндегі орынбасары – подполковник Бақыт Қашқынбаев Әзиз Бекбаулардан суыт хабар жеткеннен кейін бірден «Оңтүстік» қалашықтағы үйге барған. Есікті ашып, Қашқынбаев бірінші кірген. 

Бақыт Қашқынбаев

«Ас үй жаққа кіре берістегі турникте асылып тұр екен. Сыртқа шықтым да, бірден құзырлы органдарды шақырдым. Әкесіне хабар бердім», – дейді ол.

Нұрсұлтан Алдамұратовпен әскери бөлімге қызметке келген күні Бақыт Қашқынбаев сұхбат өткізгенін айтады. Қандай көмек керектігін «маған айт» дегенін есіне алады. Бірінші жаңадан келген әскери қызметкердің үй мәселесін шешіп, құжаттарын реттеп, әскери киім-кешекпен қамтыған. Оған 370 мың теңге мөлшерінде көтерме ақы мен көшіп келгені үшін өтемақы ретінде 400 мың теңге берілген.

Бақыт Қашқынбаевтың айтуынша, Нұрсұлтан 19 қыркүйек күні сағат 11.00 шамасында өзінің қызмет орнындағы бухгалтерлерге көкірек тұсы ауырып тұрғанын айтқан. Бухгалтерлер оны медициналық ротаға жіберген. Медротадағы кезекші фельдшер дене қызуы мен қысымын өлшеп, медициналық кітапшасына жазып, әскери қалашықтың госпиталіне терапевтке бағыттаған. Нұрсұлтан госпитальге барған. Ол жерде терапевт қарап, флюрографияға түсіріп, денсаулығында ақау байқалмайтынын айтып, 20 қыркүйек күні анализ тапсыру үшін сағат 07.00-де келу керектігін ескерткен. Нұрсұлтан өзіне бағынышты бухгалтеріне қаралып жүргенін, жұмысқа келе алмайтынын телефон арқылы ескерткен. Сол күні түнде үйде асылған күйде табылған. 

ТУЫСТАРЫ НЕДЕН КҮДІКТЕНЕДІ

Сәуле Алдамұратова інісінің шотына әскери бөлімнен 800 мың теңгедей ақша түскеннен кейінгі бір оқиға болғанын айтады. 

«Ол ақшадан Нұрсұлтан жеңгесіне 200 мыңнан артық соманы салады. Бір уақытта қайтадан қоңырау шалып, «түскен ақшаны маған қайтадан салыңдаршы, мен бастығыма аударамын деп сізге салып жіберіппін» деп қоңырау шалған. Жеңгем «бастығыңа не үшін аударасың?» десе, інім «маған бастығым ақшаңды маған лақтырып қоя сал, керек кезде менен алып отырасың деп айтты» деген. Осындай күмәнді жағдай болып тұр. Бастығының ақшасын алып, шетінен беріп отыруға қандай құқығы бар? Қаржылық жағынан қинаған болып тұр ма деп ойлап тұрмыз», – дейді ол.

Нұрсұлтан Алдамұратовтың туған-туыстары Аягөздегі гарнизон бірінші ақпаратты таратқан уақытта неге «үйінде асылып өлді» деп жазылғанын түсінбейді. 

«Ол өз үйі емес, әскери гарнизонға қарасты баспана. Олар дәл сол «әскери бөлімшеге қарасты үй» деп айтпай тұр. Өз үйінде асылып өлді дейді. Оны бір оқыған қарапайым халық бірден «өз үйінде асылып өліпті» ғой деп ойлайды. Кеше келген уақытта әскери қалашықтағы үйлер деп айтып отыр», – дейді олар.

Марқұмның туған-туыстары «бұл суицид емес, біреулер асып кетті ме, әлде асылуға мәжбүр етті ме екен» деген күдігін жасырмайды. 

«ОЛ ЕШ УАҚЫТТА МҰНДАЙҒА БАРМАС ЕДІ»

Нұрсұлтанның анасы Ботагөз Ысқақова баласының «өзіне қол жұмсады» дегеніне сенбейді.

«Ол ондай бала емес. Еш уақытта ол мұндайға бармас еді. Ол әр нәрсені адам істейді. Өз-өзіне ол қол жұмсайды деп ойламаймын. Суицидтен қорқады ол. «Жұрт неге өз жанын өзі қиып мұндайға барады» деп айтып отыратын. 

15 қыркүйекте Нұрсұлтанның шотына 213 мың теңге ақша аударып жіберген. Аздаған уақыттан кейін «маған қайтадан ақшаны аударып жіберші, бастыққа жіберемін деп, сізге жіберіп қойыппын ғой» деп өтінген. Анасы ақшаны қайтадан ұлының шотына аударған.

Марқұм Нұрсұлтан Алдамұратовтың анасы Ботакөз Ысқақова

«Сол кезде күдік ұялады да, қайтадан балама қоңырау шалып, «Нұрсұлтан, сен неге ол ақшаны бастығыңа бересің» деп сұрап едім. Балам «маған бастығым саған ертең подъемный түссе, сені көп ақша алдың деп, әркім ақша сұрауы мүмкін, сондықтан маған ақшаңды аударып қой деп айтты» деді. Мен балама «сен бастығыңа берме, ертең бастығыңнан ақша сұрап жүресің бе» деп айттым. Балам «өзім де неге аударуым керек деп ойлап отырмын» деді. Мені мазалайтын күдік, ой – осы ақша. Осы ақша үшін менің баламды осындай жамандыққа қиды ма деп ойлап отырмын. Ол бастығының аты Нұржан Нұрқабаев екен», – дейді анасы Ботагөз.

ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІНІҢ МӘЛІМЕТІ

Өткен аптаның соңында Қорғаныс министрлігінің тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы Тілеухан Басқожаев Нұрсұлтан Алдамұратовтың өліміне байланысты түсініктеме берген еді. Оның айтуынша, Аягөз ауданында орналасқан 10810 әскери бөлімінде жоғары оқу орнын бітіріп, әскери кафедрадан кейін барған әскери қызметкер екі жылға шақырылып, офицер болған. 

Қорғаныс министрлігінің брифингі (ОКҚ)

«Ол далалық жұмыстарына қатысы жоқ қаржы қызметімен айналысқан. Барлық өтемақыны, тиісті ақшаны алды. Кеше ғана ол әкесімен сөйлескен, қызмет көрсету шарттарына ешқандай шағымдар болған жоқ. Мүмкін бұл психолингвистикалық, өзгермелі орын. Енді біз болжам айтпаймыз, істі тергеушілер қарасын. Сондықтан мұндай жағдайлар болады. Біз отбасыларға көңіл айтамыз, бұл дұрыс емес, бірақ біз шетте қалмаймыз, барлық қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», - деді ол.

Қылмыстық іс қылмыстық кодекстің 105-бабы (өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу) бойынша қозғалған.

АРМИЯДАҒЫ ӨЛІМ

Кейінгі жылдары «армияда көз жұмды» деген бір сарбаздың топырағы суымай жатып, екіншісі жан тапсырып жатыр. Бірнеше күн бұрын «Оймаша» полигонында оққа ұшқан әкенің «жалғыз ұлымнан айырылдым» деп шырылдаған үні бүкіл қоғамды тағы дүр сілкіндіріп, осы үрейді үдете түскен. Енді міне, 10810 әскери бөліміне таяуда ғана барған әскери қызметкер көз жұмып отыр.