Жер сілкінсе «Құдай сақтасын» деп отыра береміз: мүгедектігі бар адамдар өз құқықтарын заңмен бекітуді көздейді

Аян Өрібай

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінде бүгін мүгедектігі бар азаматтар жиналып, төтенше жағдайлар кезінде күрделі ахуалда қалатынын айтып, өзекті мәселе көтеріп жатыр. Биыл жыл басында Алматыда жер сілкініп, көктемде су тасығанда елдегі мүгедектігі бар адамдар біршама қиындықты бастан кешірген. Енді олар жиналып, өз құқықтарын заңмен бекітуді көздеп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

ҚАЗАҚСТАН ӨЗ МІНДЕТІНЕ АЛҒАН

Мүгедектігі бар азаматтардың айтуынша, климат өзгеріп, төтенше жағдайлар туындаған кезде өздеріне көрсетілетін көмек, қолдауды алу жағынан ұлттық заңнамада кемшіліктер бар. Жалпы Қазақстан билігі БҰҰ конвенциясына сәйкес, климат өзгерсе немесе төтенше жағдай туындаған кезде шара қабылдауға, оның ішінде Сендай жиекті бағдарламасына сәйкес, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығын қорғау міндетін өзіне алған.

МҮГЕДЕКТІГІ БАР АЗАМАТТАРДЫҢ ҰСЫНЫСЫ

Ұйымдар климат өзгерсе немесе төтенше жағдай туындаған кезде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қорғайтын Ұлттық қауіпсіздік стандарттары енгізілуі керек деп есептейді. Олардың айтуынша, стратегиялық бағыттарды айқындаған кезде мүгедектігі бар адамдарды (МбА) бейімдеу шараларын айқындап, қоғамдық нысандарды салған кезде су, жарық, желдету жүйесін талапқа сай етіп, «әмбебап дизайн» құру керек. Сонымен қатар, олар қалалардың инфрақұрылымы МбА-ларға ыңғайлы екенін айқындайтын бағалау жүйесін енгізуді, мемлекеттік органдарға осы жөнінде міндетті есеп беру жүйесін енгізуді, құтқару қызметін МбА-ларды құтқаратын техника, құрылғылармен қамтуды, волонтерлік қозғалыстарды күшейтуді, ақпараттық жұмыстарды жолға қоюды ұсынады.

Жиынға қатысқан АҚШ халықаралық даму агенттігінің (USAID) Қазақстандағы директоры Элизавет Сантуччи бүгінгі тақырып өте маңызды екенін айтады.

ҚАЗАҚСТАНДА МҮГЕДЕКТІГІ БАР ҚАНША АЗАМАТ ТҰРАДЫ

«Климат бүкіл әлемде өзгеріп жатыр. Экономикадан бастап экожүйеге үлкен әсерін тигізуде. Мүгедектігі бар адамдар мұндайда басқалардан қарағанда көбірек зардап шегеді. USAID бүкіл әлемдегі 12 ұйыммен бірге жұмыс істейді. Ортаық Азияда 14 жобамыз бар. Бәріміз ортақ мақсатқа жетуіміз керек. ТЖ мен климат өзгерген кезде бірлескен қарым-қатынас біздің ортақ жұмысқа деген ортақ көзқарасымыз барын білдіреді», – дейді ол.

Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министірі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, су тасқыны, жер сілкінісі секілді табиғи апаттар адамдардың бәріне үлкен әсерін тигізеді. Әсіресе, мүгедектігі бар адамдарға. Олар эвакуация, көмек алу кезінде үлкен кедергілермен бетпе-бет келеді.

Вице-министрдің сөзінше Қазақстанда мүгедектігі бар 725 мың адам тұрады. Олардың ішінде 205 мың адам өздігімен қозғалуы қиын санаттағы адамдар – 30 мыңы бала. Оның үстіне мүгедектігі бар балалардың саны жыл санап артып барады.

«Біздің ортақ міндетіміз – олардың құқықтарының барынша қорғалуы. Әлеуметтік нысандар бой көтерер алдындағы жоспарлауда олардың қажеттіліктері ескерілуі тиіс», – дейді ол.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар адамдарға көмек көрсету жөнінде 2030 жылға дейін тұжырымдаманың жобасын әзірлеген. Қазір ол орталық мемлекеттік органдардың мақұлдауында жатыр. Жақында Ашық НҚА порталында жарияланады. Асқарбектің айтуынша, ол тұжырымдаманың басты мақсаты – мүгедектігі бар адамдардың өмірін жақсарту.

«ЖЕР СІЛКІНГЕНДЕ МҮГЕДЕКТІГІ БАР АДАМДАРДЫҢ 90% ҚАРАУСЫЗ ҚАЛДЫ»

Жиынға мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейітжан онлайн қосылған. Ол өзі де мүгедектігі бар адам ретінде әр жерде әр салада қиындықтармен бетпе-бет келетінін айтады.

«Парламентке барғалы осы мәселелерді көтеріп жатырмыз. Шынымен де, қоғамда мұндай өзекті тақырыптар көтерілуі керек. Өзіміз депутат ретінде немесе мүгедектігі бар азамат ретінде осындай жиындарда тек жасалып жатқан нәрселерді емес, барлық мәселелер айтылуы керек деп есептейміз. Себебі Алматыда жер сілкінген кезде біздің азаматтардың 95 пайызы қараусыз қалды деп есептеймін. Сондықтан, болашақта тиісті министрлік шараларды қабылдауы керек», – дейді ол.

«Кедергісіз кезек» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Меруерт Құлахметова Алматыда жер сілкінген кезде үйінен шыға алмай, елдің соңында қалған.

«Биыл қаңтарда болған жер сілкінісі бәрімізді қатты қорқытты. Өзім 13 қабатта тұрам. Соңында ғана шықтық. Өте қиын болды. Үрей ұялады. Мүгедектігі бар адамдар ондайда қиын жағдайда қалады. Қалай болар екен? Қалай шығамыз? Осы сұрақтарды бүгін көтеріп жатырмыз. Бізге ол кезде еш қолдау болмады. Ондай төтенше жағдайларға психологиялық тұрғыдан да, техникалық жабдықталу жағынан да оған мүлде дайын емеспіз. Сол үшін ойымызды ашық айтып жатырмыз», – дейді ол.

Меруерт Құлахметова халықаралық жағдайларды қарауға шақырады.

«Жаңа ештеңе ойлап табудың қажеті жоқ. Заңнамалар мен стандарттарды қарап ұсынатымыз: заңнамаға өзгерістерді енгізу керек. Жер сілкінісі ғана емес, аномальді ыстық түсіп, күн қатты суып кетуі мүмкін. Бұл кері қайтпас жағдай. Күшеймесе азаймайды. Сондықтан жұмысты күшейтуіміз керек. Мүгедектігі бар адамдар үшін эвакуациялық жағдайдың бәрін ойластыру керек. Олар өзін қорғай алатын жағдайда болып, қайда хабарласуы керектігін білуі тиіс. Эвакуация орындары қайда екенін, төтенше жағдайға қажетті сөмкеге не толтыруы керектігін бәрі білуі керек. Бізде қалай? «Құдай сақтасын» деп отыра береміз», – дейді ол.

Мүгедектігі бар азаматтардың ұйымдары осы мәселені заңнамалық тұрғыда көтеруді, нақты ұсыныстарды білдіруді көздеп отыр.