Ulysmedia.kz тілшісі Астанадағы мерекелік ахуалды бақылап, тұрғындардың пікірін тыңдап қайтты.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бүгін – Республика күні. Ресми дерекке сүйенсек, елордада 150-ге жуық мәдени және спорттық іс-шара жоспарланған. Алайда қала көшелерін аралаған тілшіміздің байқауынша, бұл жолы мерекелік қарбалас пен думан байқалмайды.
Орталық бульварлар мен саябақтарда халық сирек. Көк тулар ілінгенімен, сахна үні, концерт дауысы естілмейді. Кейбір тұрғындар отбасымен серуендеп жүр, бірақ жалпы көңіл күй тыныш, қалыпты.
– Мерекеге арнайы келдім. Немерелерім мен балаларым бұл күні демалған соң, қастарында болайын дедім. Егемендікті білдіретін бұл мереке керемет. Қуаныштымыз, отбасымызбен серуенге шықтық, – дейді ол.
Қала тұрғыны Исатай Мәдиев мерекенің рухын сезінгенімен, безендірудің әлсіздігін атап өтті.
– Күн тамаша, мереке керемет. Бірақ Green Line бульварында мерекелік атмосфера байқалмайды. Дегенмен әлеуметтік желіде Республика күнінің рухы анық сезіледі. Бұл мерекені қайта енгізгені өте дұрыс шешім, – дейді ол.
Зейнеткер Бақытжан апа бұл күнді егемендіктің символы деп біледі, елдің бейбіт өміріне тәубе айтады.
– Барша қазақ жұртын мерекемен құттықтаймын! Аспанымыз ашық, көк туымыз желбірей берсін. Бейбітшілігіміз, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын. Бүгін ауа райы тамаша, желсіз, жылы. Аспанымыз әрдайым ашық болсын, – деді ол.
Өзбекстан мен Қытайдан келген меймандар да тілектерін жеткізді.
– Қазақстандықтарды шын жүректен құттықтаймын! Елде тыныштық пен татулық орнаған. Біз арнайы Президент Тоқаев жүріп өткен саябаққа келдік. Сол кісінің жолымен жүріп көруді жөн көріп, серуенге шықтық. Бірақ мұнда тып-тыныш екен, – дейді Сапура Исмаилова.
– Мен Қытайда тұратын қазақпын. Қытайдан келдім. Қазақстандағы бауырларымды мерекемен құттықтаймын, – дейді Қуаныш Қайратұлы.
Жастардың да ойы екіұшты: бірі бейбіт өмірге шүкір десе, енді бірі егемендіктің бастауында тұрған тұлғаны еске алады.
– Бейбіт күннің белгісі. Ешкіммен аразымыз жоқ, тыныш ашық аспан астында өмір сүріп жатырмыз. Бұған тұңғыш Президент Назарбаевтың да еңбегі зор тиді. Ол кісіні ерекше құрметтеймін. Бүгін осылай тыныш өмір сүріп жатқанымызға сол кісі де бірден-бір себеп. Мереке құтты болсын, – дейді Ануар Нұржанов.
Мерекелік күнде астаналықтар серуендеп жүрген орталық көшелердің бірінде Олжас Байдильдинов те көзге түсті. Ол жуырда қоғамдық көліктегі жолақыны 500 теңгеге дейін көтеру туралы ұсыныс айтып, ел ішінде үлкен наразылық туғызған тұлға.
Ел арасында резонанс тудырған ол Республика күнімен құттықтаудан бас тартты.
Көңіл күйі тұнжыраңқы, жүзінен салқындық байқалды. Ел мерекесіне ортақтасуға асықпағандай.
ТҮЙІН
Елордадағы Республика күні биыл – думаннан гөрі тыныштықтың мерекесі секілді. Халықтың пікірі бір арнада тоғысып, бастысы – бейбіт аспан мен тәуелсіз ел екенін атап өтті. Ал қараша мерекелік рух, бәлкім, кешкісін оянып, ел көңілімен бірге жандана жатар деген үмітте.