Алматы қаласының прокурорлары күйзелістік контенті бар Telegram-арнаны бұғаттау шараларын қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
НҰСҚАУ БЕРІЛГЕН
Тексеру барысында 67 оқырман желі әкімшілігінен суицидке бағытталған рөлдік командалар алғаны анықталды.
2024 жылы 23 қыркүйекте сот Алмалы ауданы прокурорының деструктивті чатқа тыйым салу туралы талабын қанағаттандырды. Сот шешімі дереу Мәдениет және ақпарат министрлігіне орындауға жолданды. Алматы прокуратурасы ата-аналарға интернетті қолдануда жауаптылықпен қараудың маңыздылығын еске салады, күдікті контент анықталған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгіну қажет – делінген хабарламада.
БҰҒАН ДЕЙІН
Бірнеше күн бұрын Бас прокурор Берік Асылов балалардың өзіне-өзі қол жұмсау мәселесіне қатысты мәлімдеме жасаған болатын.
Бұған дейін мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова мектеп оқушылары арасында өзіне қол жұмсау фактілерінің көбеюі оқушылар мен ата-аналардың цифрлық сауаттылығын арттыруды талап ететінін айтқан еді.
Қазақстанда соңғы уақытта суицид жағдайлары жиілеп кетті.
Жуырда Almaty Management University студентінің мәйіті табылған болатын.
Оның алдында сержант Алматыдағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында суицид жасағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ 18 жастағы жігіт Алматыдағы Әуезов ауданындағы көпқабатты үйден секіріп кеткен еді.
Таяуда Алматыда 12 жастағы жасөспірім қыз 13-қабаттан секіріп өзіне қол салған. Оның алдында екі оқушы қыз 8 қабаттан секіріп мерт болған еді. Жасөспірімдердің суицидін өзіне қол салуға итермелейтін қауіпті ойындармен байланыстырып жатқандар бар. Алайда бұл нұсқа ресми расталмады. Аталған фактілер бойынша тергеу жалғасып жатыр.