Қазақстанда дәрігерлер, мұғалімдер мен жүргізушілер қанша жалақы алады

Ulysmedia коллажы

Қазақстанда ер адамның бір сағаттық еңбегі орта есеппен 2 859 теңгеге, ал әйелдікі 2 180 теңгеге бағаланады. Осылайша, әйелдердің жалақысы ерлерге қарағанда шамамен 24% төмен. 2026 жылғы сәуірдегі жалақы туралы мұндай деректерді Ұлттық статистика бюросы жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Басшылар мен күзетшілер

Негізгі кәсіптер арасында ең жоғары жалақыны ұйым басшылары алады. Олардың орташа айлық табысы – 1 101 149 теңге. Ер басшылар 1 205 726 теңге, ал әйел басшылар 975 239 теңге алады. Айырмашылық 230 мың теңгеден асады.

Бөлім басшыларының орташа жалақысы – 715 233 теңге, еңбек қауіпсіздігі жөніндегі инженерлердікі – 645 015 теңге, компьютерлік желілер бойынша IT-техниктердікі – 594 694 теңге.

Ең төмен жалақы күзетшілерде – 174 226 теңге. Хатшылар 198 899 теңге, тазалаушылар 201 738 теңге, қосалқы жұмысшылар 217 448 теңге алады.

Аспаздардың орташа жалақысы – 192 626 теңге, даяшылардікі – 223 510 теңге.

Дәрігерлер, мұғалімдер мен жүргізушілер

Дәрігерлер орта есеппен 491 385 теңге, медбикелер 264 636 теңге, фельдшерлер 313 637 теңге алады.

Орта білім беру жүйесіндегі мұғалімдердің жалақысы – 415 042 теңге, тәрбиешілердікі – 271 309 теңге, жоғары оқу орындары оқытушыларынікі – 467 729 теңге.

Троллейбус пен трамвай жүргізушілері дәрігерлер мен мұғалімдерден көбірек жалақы алады. Олардың орташа табысы – 600 628 теңге. Ал жеңіл көлік жүргізушілері 328 147 теңге алады.

Әйелдер қай мамандықтарда көбірек табыс табады

Бірнеше мамандық бойынша әйелдердің жалақысы ерлерден жоғары.

Әйел заңгерлер 444 454 теңге, ерлер 381 257 теңге алады. Әйел жабдықтау агенттерінің жалақысы – 472 248 теңге, ерлердікі – 419 054 теңге.

Әйел бухгалтерлер 399 703 теңге, ер бухгалтерлер 389 066 теңге алады.

Әйел тазалаушылардың жалақысы 202 082 теңге болса, ер тазалаушылардікі 193 142 теңге.

Бір сағаттық еңбек ақысы бойынша ең үлкен айырмашылық қаржы секторында байқалады. Бұл салада ерлер сағатына 6 800 теңге, әйелдер 5 145 теңге алады.

Өңірлер мен жас ерекшелігі

Бір мамандық бойынша жалақы әр өңірде айтарлықтай ерекшеленеді.

Атырау облысындағы агроном 1 805 251 теңге алса, Жетісу облысында бұл көрсеткіш 203 600 теңге. Шығыс Қазақстан облысындағы балықшы 500 мың теңге, Ақмола облысында 85 мың теңге алады.

Алматыдағы ұйым басшысының жалақысы 1 775 308 теңге болса, Жетісу облысында 626 926 теңге.

Ең жоғары сағаттық табыс 35-44 жас аралығындағы қызметкерлерде тіркелген – 2 773 теңге. 16-24 жас аралығындағы жастар сағатына 1 757 теңге, ал 65 жастан асқандар 1 947 теңге алады.

Контекст

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырған еді.

Оның айтуынша, бұл өзгеріс 1,8 млн қазақстандықтың табысын арттырады. Олардың 370 мыңнан астамы бюджет саласында жұмыс істейді.