Қайғы үстіне қайғы. Нұрымов әулетінің екі талабы

Меліс Сейдахметов

Апта бұрын ғана баласынан, енді міне, шаңырағынан айырылған Қаржаубай Нұрымов әулетінің жағдайын сөзбен сипаттау қиын. Сай сүйекке дейін өткен ауыр қайғыны осы қасіретке душар еткендердің лайықты жазасын алғаны ғана аз да сейілте алатын секілді. Азалы әкенің, таусылған әженің, қанжылаған әпке, булыққан бауырдың сөзінен де, көзінен де осыны ұғасың. 

Көрнекі сурет

АЙТАРЫ ТАУСЫЛҒАН ӘКЕ

Алматы облысы Талғар қаласының іргесіндегі Азат ауылындағы өртенген үйге алғашқылардың қатарында Ұлысмедиа да барды. Шерзаттың қазасынан бері әулет түгелімен Қаржаубай Нұрымовтың әке-шешесінің үйі – қара шаңыраққа қонып жүргендіктен, оқыс жағдайдан тегіс аман. Өрт болып жатқанын алғаш көршілерінен естіген. Журналистерге берген пікірінде Қаржаубай Нұрымов жағдай отбасының шеңберінен шығып кеткенін қаламайтынын ұқтырғысы келді. Айқайлап алаңға шықса, артынан ерер адам аз болмасын, оның ақыры болжап білмейтін дүрбелеңге, арандатуға, мертігуге дейін әкелуі мүмкін екенін сезеді.

– Өзім үшін қорықпаймын. Халық, отбасым үшін қорқам. Біреудің қайғысы болса, біреуге ұпай керек. Бәрін жан-жақты ойлау керек. Қазір баса-көктеп, аспанға балта лақтырудан түк пайда таппаймын. Ақ-қарасы анықталған соң кінәлілер жауап береді деген ниеттемін. Құзырлы органдарға ғана емес, менің жанымда жүрген жігіттер, қайғыма ортақ халықтың бәріне ертең не болып кететіні анық көрініп тұр. Бір жағдай болатын болса, мен жауап берем. Мен кетіп қалсам, балам үшін шырылдайтын, бала-шағама, әке-шешеме қарайтын адам болмайды. Қолымнан келгенше күресем. Баламның аруағы разы болуы үшін соңына дейін күресем. Әкім-қаралар, құзырлы органдар кешеден бері келіп, уәдені үйіп-төгіп беріп жатыр. Уәденің соңы не болып жатқанын көріп отырсыздар ғой. Соңғы рет көрейік, қолдан келгеннің бәрін жасаймыз деп жатыр, – дейді көзінен нұры кеткен әке бәсең де салқын үнмен.

“АУЫЛДЫҢ БАСЫНА КӨЛІК ҚОЮДЫ СҰРАДЫҚ”

“Қаржаубайдың өзі бірдеңе дейтіндей жағдайда емес” деген қарындасы Перизат өртті інісінің қазасына күдікті тараптың әрекетімен байланыстырады.

– Соңғы үш күнде Шерзаттың сыныптастары “көшелеріңізде нөмірі жоқ көліктер жүр” деді. Өрт болмай бір күн бұрын көршілер “сіздің үйлеріңізге нөмірі жоқ көлікпен келгендер кіріп шықты, біз шулап, бәріміз жарықты жақтық, айғайлап едік, тоқтамастан қашып кетті” деп хабар берді. Мектеп балаларының бәрі де бір ауылдан болған соң кімнің қандай көлікті айдайтынын білеміз деп отыр. Балалар “ішіндегі адамдар да бейтаныс, амандасайық деп қасына барып едік, терезені жауып алып, тоқтамай өтіп кетті” деді. Соңғы үш күнде “көліктер жүр” дегенді естідік. ІІМ-ге барып, келгеннен бері осылай болып жатыр, – деді ол.

Перизат Нұрымова бұл жайтқа жергілікті атқарушы, құзырлы органдарды кінәлайды.

– Қарастырып жатыр. Соның “арқасы”. ІІМ-нің, Талғар, облыс әкімдігінің “қарастырып, күшті жұмыс атқарып жатқандарының арқасы”. Үйден айырылып қалдық. Үйді қойшы, жанымыз аман. Бұған дейін күзет қойылған жоқ. Үйге қоймай-ақ қойсын, жоқ дегенде ауылдың басына қойып берсін. Кімнің кіріп шығып жатқанын білсін. Қарапайым халық болып, жолдан өткен көлікті тоқтатып, “кімсің” деп сұрай берсек, есі дұрыс емес деп ойлайды ғой. Ұсталған адамдардың, сол жақтан шыққан адамдардың бәріне көлік қойып беріп қойыпты. Ауылға кіре берісте көлік қойыпты. Сонда біз жанымыз шығып отырғанда біреудің жанын алуға шамамыз жете ме? Мамамыздың өзі бір құлап, бір есін жиып отыр. Заң өкілдеріне ойлануға болады ғой. Бүгін топырлап бәрі жүр. Жүргеннен не пайда? Бәрі біткен соң! Қалғанымыздың жанымызды алып кеткенін күтеміз бе? Сөйтіп, бір төбе болып, үйіп қояйын деген шығар? Заң өкілдері жұмыс істесе бұлай болмайды! Біздің президент Қасым-Жомарт Кемелұлы заң өкілдері қалай жұмыс істейтінін көрсін! Сол кісінің қол астында басшы болған жұмысшыларының іс-әрекеті осы, – дейді ол.

“БІЗГЕ КӨМЕК КЕРЕК ДЕП АЙТТЫҚ”

Қолындағы немересі Шерзатын жоғалтып жылай-жылай жасы суалған Жұмабике Нұрымова да құзырлы органдардың үйдің өртенуіне жол беріп қойғанына налиды.

“Балама қоңырау соғып, “балаңның жанынан көріңді қаза бер” деп қорқытып жатыр. Бізге көмекке адам керек. Келген әкімдерге де, журналистерге де айтып жатырмын. Көршілер үйіңізге адамдар кірген деп айтып жатыр. Есікті ашып, кірген, аралап жүрген, бірақ ештеңе алмаған дегенді айтты. Көршілер қарауылдап отыр. Балалар қорқып, “үйге барайық” деді. Мен “жоқ, баламның қырқы өтсін, мәселені біржақты етіп алайық, қатарласып жатсақ та осы үйде болыңдар” дедім. Рұқсат бермедім. Соның арқасында олар аман қалды. Бір көршім “тәте, кеше сағат 5-те жұмысқа кетіп бара жатқанда нөмірсіз екі “Мерседес” көлігі көшені айналып жүрген, сосын кетіп бара жатқан соң сіздерді шошытпайын деп айтпадым. Таңертең қайтып келе жатсам, сол көліктер тағы тұр екен. Жоғары органдарға айтпадыңыздар ма адам берсін деп” деді. Міне, үй өртенді, балам өлді. Содан кейін ғана күзетуге есігіміздің алдына патруль көлігін берді. Оған дейін үкіметіміз қимылдауға болмайтын ба. Менің таңғалатыным, олардың (қылмыс жасаған адамдардың – ред.) үйіне, көшесіне патруль көлігін беріп қойыпты. Бізді шабуылдайды деп. Бірақ бізге неге, мүмкін біз көтеріліп бара жатсақ, бізді басу үшін керек болып қалатын ба еді, неге берілмеді сол, не үшін. Үкімет солардың сөзін сөйлеп тұрған сияқты, – деді марқұм Шерзат Болаттың әжесі.

ВИЦЕ-МИНИСТР МӘЛІМДЕМЕСІ

Оқиға орнына келген Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов журналистерге “шыққан соң сұхбат берем” деп өртенген үй аумағына кіріп кетті. Тілшілер оны ұзақ тосып, вице-министр кетіп қалды деген соң барып тарасты.

Ұзамай ішкі істер министрлігінің ақпараттық ресурстарында Бауыржан Әленовтың оқиға орнынан сөйлеген бейнеүндеуі жарияланды. Ол жерде ол оқиғаға байланысты жедел-тергеу тобы құрылғанын хабарлады.

“Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша мен оқиға орнына келдім. Жедел-тергеу тобы құрылды. Менімен бірге Ішкі істер министрлігінің өкілдері қызмет атқаруда. Бейнежазбалар тексеріліп, куәгерлерді анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қылмыскерлер ұсталып, жауапқа тартылатын болады. Қылмыстық іс министрдің ерекше бақылауында” – деді Бауыржан Әленов.

Артынша вице-министр Алматы облысының прокуроры Берік Адамовпен бірге Талғар ауданында үйді өртеу қылмысы бойынша барлық айғақтар алынып, қажетті сараптамалар жүргізіліп жатқанын айтып екінші бейнеүндеу жасады.

Айта кетерлігі, Талғар вице-министрге таңсық жер емес. Ол 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан жарты жылдан соң өңір екіге бөлініп, аумағы кішірейген Алматы облысының полиция департаментіне басшылыққа келіп, дәл қайғылы оқиға болып жатқан кезде қызметі өскен. 

НҰРЫМОВ ӘУЛЕТІНІҢ ТАЛАБЫ

Бүгінде қара жамылған әулеттің билікке “төбелеске қатысқандардың бәрін ұстау”, “сотты ашық өткізу” дегеннен басқа талабы жоқ. Қаржылай көмекке мұқтаж еместігін жеткізіп, халықтан ақша жинамауды, ешқандай шот ашпауды сұрайды. Елді дүрліктірмеуді, митинг жасамауды өтінеді.

Қаржаубай Нұрымов кешқұрым өзіне адвокат тауып беріп, қолдау көрсетіп жүрген марқұм Салтанат Нүкенованың бауыры Айтбек Амангелді екеуі әлеуметтік желіде үндеу жолдап, 14 қазан митинг өтеді деген ақпаратты терістеді. Халықты қантөгіс жасамауға шақырып, әділдікке тек құқықтық жолмен заңды түрде жеткісі келетінін мәлім етті.