Шетелден бір адам бір көлік әкеле берсін, екі-үшеу әкелсе шектейміз – Шарлапаев

Аян Өрібай

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев жеке азаматтарға енді шетелден бір рет қана көлік әкелуге рұқсат берілетінін мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

БІР АДАМ 793 КӨЛІК КІРГІЗГЕН

Қанат Шарлапаев Үкіметтегі баспасөз мәслихатында осы әңгімеге нүкте қоюға ниетті екенін мәлімдеді.

– Ең алдымен, мен сіздерге екі мәселені түсіндіргім келеді. Осы ережелер бойынша елге автомобильдерді әкелу ережесі 2015 жылдан бастап күшінде. Яғни, ережелерде ешқандай өзгерістер болған жоқ. Екіншіден, мен екі фактіні келтірейін. 2023 жылы бізде бір адам 793 көлік алған жағдай тіркелді. 34 адам, бізде 100-ден астам көлікті елге әкелген. Яғни, барлық белгі бойынша олар кәсіпкерлік қызметпен айналысады. Сондықтан, бірінші кезекте мәселе қандай да бір шектеу жайлы емес. Егер адамдар кәсіпкерлік қызметпен айналысқысы келсе, жүздеген машинаны әкелгісі келсе, онда олар әлі де мемлекеттік органдардың заңды талаптарын сақтауы керек. Барлық тиісті төлемдерді төлеңіз, болды, – дейді министр.

Шарлапаевтің айтуынша, жаңа алым ережелерінде ешқандай өзгерістер болған жоқ.

– Ең алдымен, 100 машинаны, 793 машинаны бір адам өзі ғана тебу үшін әкелмейтіні анық. Оларды қайта сататыны анық. Бірақ егер олар бизнеспен айналысатын болса, онда ЖШС-ні тіркеп, мемлекеттің заңды талаптарын айналып өтуге тырыспай, ресми түрде бизнеспен айналыссын, – дейді ол.

Министр “бір көлік әкелген азаматқа кедергі жасамаймыз, екі-үш, бес көлік әкелсе, әрине шектеуіміз керек” деді. Ол жұмысты министрлік цифрлық жүйемен қадағаламақ.

ЖАҢА ТАЛАП

Жеке тұлғалар 3 жылға дейінгі көлікті елге кіргізе алмайтыны жөнінде жаңа талап ел ішінде көп сұрақ туғызып жатыр. Бұл талаптың мән-жайы, мақсаты неде екенін журналистер Мәжіліс кулуарында қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржановтан сұрап көрген. Ержан Біржановтың айтуынша, бұл шаруаға негізінен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жауапты. Ал қаржы министрлігі өз тарапынан қауіпсіздік шаралары, қадағалау, сертификаттау жұмыстары қалай болатынын салық төлеушілерге жеткізіп жатыр. Бірақ түпкілікті мәселе салалық заңнама арқылы реттелетіні аталып өтеді.

– Бізден басқа екі министрлік түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек болған. Баспасөз хабарламасын таратып, солай жұмыс істейміз деп келіскенбіз. Әрине, халық шулап кетпес үшін салмақты шешім қабылдану керек деп ойлаймыз, – дейді Ержан Біржанов.

Оның сөзінше, мәселені реттеу шешу үшін заңнамадағы өзгерістерді қарастыру керек. Біржанов мұны бір аптада қабылданатын мәселе емес екенін ескертеді.  Жеке тұлғаларға көліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін СБКТС (көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік) құжаты, ал заңды тұлғаларға КҚТМС (көлік құралының типін мақұлдау сертифиакаты) құжат беріледі. Екіншіден, КҚТМС (көлік құралы түрін мақұлдау сертификаты) алу үшін декларант көлікті өз атына рәсімдеу керек. Яғни, сенімхат арқылы емес өз атына тіркеп қана әкеле алады. Осы мәселе сұрақ туғызып отыр.