Режиссер Айсұлтан Сейітов "Оян, қазақ" фильмі жайлы айтқан екіұшты пікіріне түсініктеме берді. Ол бұрын аталған туындыны сынап, "ашу мен агрессия туғызады" деген болатын, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ӘҢГІМЕ НЕДЕН ШЫҚТЫ
Бұған дейін сұхбат берген режиссер Айсұлтан Сейітов “Оян, қазақ” фильмі халықтың ішінде адамдардың бойында ашу мен агрессия туғызғанын байқағанын айтқан еді. Режиссердің бұл пікірі әлеуметтік желіде сынға ұшырады. Желі қолданушылары Сейітовті айыптап, пікір жазды. “Негізі біздің айдентиканы маркетиң ретінде қолданып, ақша жасап бірақ қара халыққа көмегі жоқ адамдардың бірі осы сияқты” деп жазды оқырманның бірі.
ПРОДЮСЕРДІҢ ЖАУАБЫ
"Міржақып. Оян, қазақ!" фильмінің авторларының бірі Айсәуле Әбілда аталған туындыны сынаған режиссер Айсұлтан Сейітовке жауап берді. Әбілдә оның бұл пікірімен келіспей, олай деу үшін алдымен сауалнама жүргізілді ме, қорытынды жасалды ма деп сұрақ тастады.
– Ашу мәселесіне келсек, ол біздің ішімізде сол “Оян, қазақ” кітабы жазылғаннан бері, яғни 115 жыл бойы келе жатқан сезімдер ғой, алайда сізге оны түсіну қайда?! Себебі, сіз әу бастан орыс тілді, асфальтта өскен жігітсіз. Сіздің қазақ тілінде сөйлей тұра, өз еліңде дискриминацияға ұшыраудың не екенінен хабарыңыз да жоқ. Сіздің банкке барып, таза қазақ тілінде құжатты талап етіп, 3 сағат күткен тәжірибеңіз жоқ, себебі сізге беретін қағазда бәрі түсінікті, сіз әуежайда қазақ тілін талап етіп, хат жазбайсыз, сіз әр дүкенге кіріп, жарнаманың қазақ тілінде болу керегін ескертіп, стреске түспейсіз, қорланбайсыз. Сіздің орыс тілділердің өктем дауысын, кемсітуін сезетін иммунитетіңіз жоқ. Сіздің жол қашаннан даңғыл, – деп жазды ол.
АРЫ ҚАРАЙ НЕ БОЛДЫ
Айсәуле Әбілдә режиссер Айсұлтан Сейітовке пікірін хат ретінде жазған. Оның бұл хаты Сейітовке жеткені белгілі болды. Режиссер Ulysmedia.kz порталына пікірін жолдады.
– Біз «Оян, қазақ» фильмінің авторларымен хабарласып, контекстен тыс алынған видеоға байланысты туындаған түсініспеушілікті талқыладық. Мен фильмді және құрметтейтін авторларды сынға алған жоқпын, өнердегі түрлі жолдар туралы ғана айтқанмын. Осы жұмыс көрермен үшін мағыналы болғандықтан, осындай реакцияға тап болдық. Қазір біз бәрін талқылап, мәселені шештік, – делінген пікірде.
Айсұлтан Сейітов “мәселені шештік” дегенмен, Айсәуле Әбілдә реніш табы бар әуелгі постын желіден өшірген жоқ.