«Мәжбүрлеп газет-журналдарға жаздырып жатыр»: БҚО мұғалімдері жанайқайын жеткізді

Қалижан Бектемір

Қазақстан мұғалімдеріне негізгі міндеттерінен бөлек, бейресми түрде «қосымша міндеттер» жүктелетіні ешкімге құпия емес. Соның бірі – жарты жылда бір рет мерзімді басылымдарға жазылу. Мұнда «ерікті түрде» деген сөз көп жағдайда өзекті емес, себебі көптеген мұғалімдер өз қалауымен газет-журналдарға жазылғысы келмейді. Бұл үрдіс Кеңес заманынан басталып, әлі күнге дейін жалғасуда. Мұғалімдердің көбі басшылықпен жанжалдаспау үшін үнсіз келісіп, талаптарды орындауға мәжбүр болады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: egemen.kz

«КІТАПХАНАШЫ АҚША ЖИНАЙДЫ»

 Мой город сайтының жазуынша, жақында әлеуметтік желіде ер адамның мұғалімдерге арнап жазған аудиожазбасы тараған.

"Демалыс күні мазалағаным үшін кешірім сұраймын. Әріптестер, дүйсенбіден бастап газеттер мен журналдарға жазылу басталады. Бұрын да жазылған боларсыздар. Дүйсенбіден бастап кітапханашы ақша жинайды. Келесі аптаның соңына дейін барлығымыз ақша тапсыруымыз керек. Өтінемін, бұл жұмысты ертеңге қалдырмай, дер кезінде атқарайық", – делінген аудиожазбада. 

Автор бұл хабарлама Бәйтерек ауданының бір мектебінде жазылған деп мәлімдейді. Алайда аудан әкімдігі бұл жай ғана жұмыс сәті екенін айтып, басылымдарға жазылу ерікті түрде жүргізілетінін алға тартты. Жергілікті атқарушы орган тарапынан ешқандай нұсқау берілмегенін мәлімдеді. 

«ГАЗЕТ – ӨТКЕН ҒАСЫРДЫҢ БЕЛГІСІ, ОҚЫМАЙМЫЗ!»

Теректі ауданынан тағы бір шағым түсті. Онда бір мұғалім жазылу науқаны басталғалы мектеп директорлары мұғалімдерден газеттерге жазылуды талап ететінін айтты.

Аудан басшылығы мектеп директорларына тапсырма береді, ал директорлар әр мұғалімнен жазылуды талап етеді. Мұның заңсыз екенін жақсы білемін, бірақ директор «кейде жеке жұмыстарыңызбен сұранып кетесіздер, енді рұқсат бермейміз» деп ескертті. Бұл мәселені кім тоқтатады? Газет – өткен ғасырдың белгісі, ал мұғалімдер есебінен газет редакцияларын қанша уақытқа дейін қаржыландыруға болады? Газетті оқымаймыз, өйткені жаңалықтарды интернеттен жылдам оқып аламыз. Мен мұғалім ретінде білімімді арттыру үшін курстар сатып аламын, жаңалықтарды басқа дереккөздерден оқимын. Бұл бассыздықты кім тоқтатады? – деп жазды шағымданушы. 

Алайда Теректі ауданы әкімдігі бұл ақпаратты жоққа шығарып, басылымдарға жазылу әркімнің өз еркі екенін мәлімдеді. 

ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ УӘЖІ

Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі де мұғалімдерді басылымдарға жазылуға мәжбүрлеу туралы ешқандай ұсыныс берілмейтінін айтты. 

 «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңына сәйкес мұғалімдерді кәсіби міндеттеріне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға, сондай-ақ тауарлар мен қызметтерді сатып алуға мәжбүрлеуге жол берілмейді. Мұғалім қай газетті оқып, қандай басылымға жазылатынын өзі шешеді. Мұғалімдерді мәжбүрлеуге болмайды. Аудандық әкімдіктер тарапынан мектеп директорларына газеттерге жазылу туралы «тапсырмалар» түспеуі керек. Әрине, кейбір басылымдарға жазылуды ұсынуы мүмкін, бірақ шешімді әр мұғалім өзі қабылдайды. Егер басылымдарға мәжбүрлі түрде жазылу туралы нақты шағымдар түссе және заң бұзушылық расталса, заң бұзған тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылады, – деп түсіндірді министрлік өкілдері. 

Айта кетерлік жайт, республикалық басылымдарға жазылудың құнын талдай келе, бұл қызметтің арзан еместігі анықталды. Мәселен, республикалық газеттерге жылдық жазылу құны 12-17 мың теңге аралығында. 

Еске салсақ, бұған дейін журналист Ораз Әлімбеков қарапайым имамдар өзіне хат жазып, жанайқайын жеткізгендерін, «мешіт сөрелерінде шаң басып жататын» газет-журналға мешіт қызметкерлерін қинап жаздырту науқаны басталғанын жазған болатын.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Қазақстанда газет-журналдарды «өлтірмей» аман алып қалу үшін 10 млрд теңге керек

Газет-журнал мәселесі: Цифрлық даму министрлігі таратқысы келмейді, Қазпошта ақша сұрайды