«Мәсімовтің өзі бақылап отыр, уайымдамаңдар» деді: бір топ азамат жер дауымен Жоғарғы сотқа келді

Аян Өрібай

Бүгін Жоғарғы сотқа ондаған адам келіп, бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқан проблемасын айтты. Олар Ақмола облысы Аршалы ауданында үй саламыз деп, кезінде Ұйғыр орталығынан жер сатып алуға ақша бергенін хабарлады. Бірақ түптеп келгенде жер мемлекет меншігінде қалып, бұл кісілер күні бүгінге дейін ақшасын ала алмай жүр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Ulysmedia

ЖЕР ҚАЛАЙ БЕРІЛІП КЕТТІ

2008 жылдың шілде айында Ақмола облысы Бұлақсай ауылдық округінің әкімдігі Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығына жалпы ауданы 25,1 га жер учаскесін уақытша пайдалану құқығымен бес жыл мерзімге бергенін cmn.kz сайты бұған дейін жазған. Бұл учаскелер тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттарды салу үшін, сондай-ақ мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу мақсатында арнайы бөлінген. Осылайша, 2010 жылдың сәуір айында Аршалы ауданы әкімдігі мен ұйғыр орталығы уақытша жер пайдалану туралы қысқамерзімді келісімшарт жасасқан. Алайда 2012 жылы қаңтардан желтоқсанға дейін қоғамдық бірлестік “үй салуға жер береміз” деп Ақмола облысының тұрғындарымен 76 сатып алу-сату келісімшартын жасасқан. «Талапкерлер ақша қаражатын төлегеннен кейін қоғамдық бірлестік әрқайсысына Ақмола облысы Аршалы ауданы Бұлақсай ауылдық округінің Қостомар ауылынан жер учаскесін табыстаған» деп БАҚ сот материалдарын келтіреді.

Жер заңнамасы бұзылғанын прокурорлар анықтапты. Олар тұрғын үйлердің құрылысын уақытша тоқтатып, келісімшарттарды жарамсыз деп тану туралы талап-арыз жолдаған. Сонымен қатар, жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтаруды талап еткен. Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен жерді пайдалану келісімшарттары жарамсыз деп танылған. Сот шешімі 2013 жылы 25 шілдеде заңды күшіне енген.

СОДАН БЕРІ НЕ ЖЕР, НЕ АҚША ЖОҚ

Бүгін Жоғарғы сотқа келгендер – сол кезде Қостомар ауылынан жер учаскелерін алып, үй салмақ болған азаматтар. Солардың бірі Олег Карпович Қостомар ауылында Ұйғыр орталығынан екі жер учаскесін сатып алғанын айтады.

Арада аз уақыт өткен соң ол жерді мемлекет ала ма, әлде басқа бола ма, түсінбей қалдық. Бізге қаншама рет “уайымдамаңдар, жерді аласыңдар” деді. Ұйғыр қоғамының төрағасы Ахметжан Шардинов Кәрім Мәсімовпен (мемлекетке опасыздық жасағаны үшін сотталған, ҰҚК бұрынғы төрағасы) өте жақсы қарым-қатынаста болған деп еститінбіз. Ол “мұның бәрін Мәсімовтің өзі бақылап отыр, сол себепті мүлде уайымдамаңыздар” деді. Біз соған сеніп қалдық. 2015 жылы жер мүлде берілмейтінін түсініп, соттаса бастадық. Оның бір ұлы Алматы облысында прокурор, екіншісі ұлттық қауіпсіздік комитетінде (зейнетке шыққан – Карпович) еңбек еткен, – дейді ол.

Былтыр Алматы облысы Бостандық ауданының соты бірінші инстанцияда шешім шығарып, Ұйғыр орталығына ақшасынан қағылған азаматтардың шығынын өтеп беруді міндеттеген. 

Апелляция соты шешімді өзгеріссіз қалдырғандықтан, бүгін Жоғарғы сотқа келіп отырмыз. Не себепті сот ісінде Шардинов жоқ? Ұйғыр орталығында бізге төлейтіндей ақша жоқ. Берер ештеңесі жоқ, – дейді Олег Карпович.

Жоғарғы сотқа шамамен 15 шақты адам келген. Жалпы сотқа 75 адам берген. Олардың айтуынша, жер алам деп ақшасынан қағылғандар саны одан да көп. 

14 жыл бұрын жер алатын болып, қолына ақшасын беріп, қадасын қақтық. Құжат қашан болатынын сұрадық. “Кейін болады, іргетасын қалай беріңдер” деді. Жеке басым іргетасын құйып қойған едім. Бірнеше инстанциядан өтіп, жеңсек те, жерді заңдастыруға келмейді екен. Ақшаны қолға алған да қалтасына салған. Келгендердің бәрі – алданғандар. Бұл жерге келіп тұрғандар Қазақстанның түкпір-түкпірінен, – дейді Дәурен Қалманов атты азамат.

Раиса Литвиненконың айтуынша, аталған азамат сотқа үш рет шақырылған. Алайда келмеген.

Ол келмеді. Жеке дәрігерінен денсаулығында ақау барын көрсеткен бір бет анықтама жіберіпті. Сондай диагнозымен ұшып келе алмайды деген түрлері. Қорғаны мықты ма дейміз. Біз 75 адам болсақ, ол 4 авдокат жалдапты, – дейді Раиса Литвиненко.

Азаматтардың әрбірі шамамен 4-5 мың доллар ақша бергенін айтады.

ШАРДИНОВ ЖАЙЛЫ

Ulysmedia.kz тілшісі Ахметжан Шардиновтың әлеуметтік желідегі жеке парақшасына жазып, осы оқиға жөнінде бірнеше сұраққа жауап беруді өтінген. Алайда мақала шыққанша одан жауап болған жоқ. Ашық дереккөздерде оның 2005 жылдан бастап Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығының төрағасы екені жазылған. Біз осы себепті аталған орталыққа хабарласқанымызда ондағылар “Ахметжан Шардинов 2019 жылдан бастап бізде істемейді” деген жауап алдық. Ашық мәліметтерде оның «Достық», «Парасат» ордендерімен марапатталғаны жазылған. “Нұр Отан” партиясының мүшесі, Алматы қалалық мәслихатының депутаты болған.