«Саботаж жасап отыр»: Әлиев Еуропарламентке шүйлікті

Ulysmedia
фото: ашық дереккөзден

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Арменияда өткен Еуропалық саяси қоғамдастық саммитіне қатысушыларға бейнеүндеу жолдап, Еуропарламент Баку мен Ереван арасындағы бейбіт келіссөздерді қолдаудың орнына оны әдейі бұзуға ұмтылып отыр деп мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Әлиевтің мәлімдемесі

APA агенттігінің жазуынша, Әлиев Еурокомиссияның ұстанымына конструктивті көзқарасы үшін алғыс айтып, бірақ Еуропа институттарының барлығы бірдей әрекет етпейтінін атап өтті.

“2021 жылдың мамырынан 2026 жылдың 30 сәуіріне дейін Еуропарламент Әзербайжанға қатысты қорлайтын сөзі көп 14 резолюция қабылдады. Бес жылда 14 резолюция қабылдануы — әуестікке ұқсайды. Соңғы резолюция саммитке небәрі төрт күн қалғанда қабылданды”, – деді Әзербайжан басшысы.

Әлиев Еуропарламент негізгі мәселелер — ксенофобия, исламофобия және көші-қон сияқты түйткілдердің орнына Әзербайжанға назар аударып отырғанын айтты. Оның сөзінше, Әзербайжан өз аумақтық тұтастығын қалпына келтіріп, Қарабақтағы сепаратизмді тоқтатқан.

Еуропарламентпен қатынастың шиеленісуі

30 сәуірде Еуропарламент Қарабақтағы армяндардың өңірге қауіпсіз оралуын қамтамасыз етуге шақырған резолюция қабылдаған. Бұл аймақ 2023 жылдың қыркүйегінде Баку бақылауына өткеннен кейін шамамен 115 мың армян өз үйлерін тастап кеткен еді.

Бұған дейін Еуропарламент Еурокомиссиядан Әзербайжан газын сатып алуды тоқтатуды және ел шенеуніктеріне жеке санкциялар енгізуді бірнеше рет талап еткен.

1 мамырда Әзербайжан парламенті Еуропарламентпен барлық бағыттағы ынтымақтастықты ресми түрде тоқтатты. Сонымен қатар, ЕО–Әзербайжан парламенттік ынтымақтастық комитетіндегі қатысуын доғарып, «Еуронест» парламенттік ассамблеясынан шығу рәсімін бастады.

Әлиев сондай-ақ Қарабақты қайтарғаннан кейін бірнеше ай өткенде Әзербайжан делегациясына ПАСЕ тарапынан санкциялар салынғанын еске салып, мұны «қос стандарттың көрінісі» деп атады.