«Латенттік жезөкшелік»: сарапшы колледжде түсірілген интим-видео жайлы

Ulysmedia
Фото: бейнежазбадан скрин

Қызылорда облысына қарасты білім беру мекемесіне қатысты дау шықты. Әлеуметтік желіде тараған күмәнді бейне қоғамда үлкен резонанс тудырып, жұртшылық ресми түсініктеме талап етуде, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚАНДАЙ БЕЙНЕЖАЗБА?

Қоғамда қызу талқыланған бейнежазбаны желіге Ардақ Қазақбайқызы есімді қолданушы жариялаған. Бейнебақылау камерасынан алынған кадрларда жұмыс кабинетінде болған ыңғайсыз жағдай көрінеді. Болжам бойынша, қызметкер әйел басшының орнында отырған ер адаммен жақын қарым-қатынасқа түседі. Біраз уақыттан кейін олардың әрекеті интимдік сипатқа ұласып, видео сол жерден үзіледі.

Алайда бұл жазбаның нақты қашан және қай жерде түсірілгені әзірге белгісіз. Желіде бұл жағдай Жаңақорғандағы колледждердің бірінде болған деген болжам айтылып жатыр.

«Бұл Жаңақорған колледжінде болған дейді. Қыздардың жүкті болып жатқаны қайдан деп сұрайсыздар? Білім беру керек жерде мұндай әрекеттер орын алып жатыр», – деп жазды Ардақ Қазақбайқызы.

ЖЕЛІ ҚОЛДАНУШЫЛАРЫНЫҢ ПІКІРІ

Жарияланым желі қолданушыларының қатты сынына ұшырады. Көпшілік оқу орнында мұндай жағдайлардың болуына  наразы болып, жауапты органдардан түсініктеме талап етуде.

Соған қарамастан, видео әлеуметтік желілерде бірнеше күннен бері таралып жатса да, ресми органдардан әзірге нақты жауап берілмеген.

 Ulysmedia.kz Қызылорда облысы әкімдігіне сұрау жолдап, бейненің шынайылығын және мекеменің статусын нақтылауды сұраған. Әкімдік өкілдері ақпаратты тексеріп, кейінірек жауап беретінін айтқанымен, материал жарияланған сәтке дейін ресми түсініктеме берілмеген.

БІЛІМ САРАПШЫСЫ НЕ ДЕЙДІ?

ОАМ Қоғамдық кеңесінің төралқа мүшесі, белгілі ұстаз  Өмір Шыныбекұлы оқу ошақтарындағы мұндай қарым-қатынасты жоққа шығармайды. Оның айтуынша, сабақ сағаты үшін, лауазым үшін басшыға барын беретін педагогтар бар. 

– Мұндай жағдай өте көп. Латенттік жезөкшелік деген бар. Қызметте жоғарылау үшін әйел мұғалімдер басшыларға осылай жақындайды. Ал кейде мектеп басшылары әдемі қыз-келіншектерге өздері қырындайды. Тіпті осындай қарым-қатынастың соңы отбасын бұзуға дейін ұласады. Қоғамдық кеңеске жүгінген мұндай жағдайлар болған. Тіпті отбасы бар әйел директор жас педагогпен жақын қарым-қатынаста болған. 2021 жылы Түркістан облысы білім басқармасының тапсырмасымен Түлкібас, Ордабасы,Төлеби аудандарының директорларымен жүздестім. Сол кезде, мектептегі мұғалімдердің осындай әрекетін балалардың айтқызбай-ақ білетінін айттым. Киелі білім ордасын бұлай қорлау дұрыс емес. Одан кейін де осындай оқиғалар болды,– дейді Өмір Шыныбекұлы.