Белгілі әнші Айгүл Иманбаева TalkLike арнасына берген сұхбатында өзіне қатысты түсініксіз әрі алаңдатарлық жайттарды айтып берді. Оның сөзінше, белгісіз біреулер әншінінің отбасын «дуаламақшы» болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚИҒА ҚАЛАЙ БОЛҒАН
Өнер иесі бұл оқиғаның өзіне тиесілі дәмхана ішіндегі әйелдер дәретханасынан басталғанын айтады. Айтуынша, бөлме ішінде орналасқан кішкентай есік өздігінен ашыла беретін болған. Әнші шаруашылыққа жауапты қызметкерінен оны жауып тастауды сұрап, ішін тексермек болады.
«Ішінде қоқыс жоқ па екен деп жарық жағып қараса, бума-бума қағаз табылған. Қолға алып қарасақ, ұлым екеуміздің суретіміз. Барлық жерімізге ине қадалған. Асқазан, жүрек, қуық тұстарына дейін түйреуіш тығып қойған. Екеуміздің арамызды бөліп тастаған. Мұндайды тек кинодан көрген едім», – дейді Айгүл Иманбаева.
Оның айтуынша, бұл тек бастамасы болған. Кейін іздеу барысында тағы да көптеген күмәнді заттар табылған.
«Айнаның артынан, канализация құбырынан – барлық жерден 300-ге жуық сурет шықты. Содан кейін жұмыстан соң іздеуді әдетке айналдырдық. Ине, түйреуіш, топырақ, қасық, қан, шаш сияқты түрлі нәрселер таптық. Жұмыс жүрмей, түгел минусқа кеттік», – дейді әнші.
ЖЕЛІДЕГІ ПІКІРЛЕР
Бұл жағдай желі қолданушылары арасында түрлі пікір туғызды. Бірі мұны мистикалық жайт деп қабылдаса, енді бірі күмәнмен қарап отыр.
– Құдайдан қорықпағаннан қорық деген осы ғой. Осы адамдар мұндай дұғаны не ойлап жасайды. Өз ұрпақтарының алдынан шығатынын білмей ме? Түбі жасаған адам іріп, шіріп, азып-тозады. Жау алыстан келмейді. Күншілдердің қызғанышынан сақтасын, – деп жазды Айман Махаббат есімді қолданушы.
Енді бірі соңғы кезде Қазақстанда осындай қара ниетті әрекеттердің көбейіп кеткенін айтуда. Әзірге аталған жағдайға қатысты ресми органдар тарапынан нақты түсініктеме берілген жоқ.