Қаржы пирамидасы: 500-ге жуық адамды алдаған алаяқтар сотталды

Ulysmedia

Алматыда қаржы пирамидаларын құрған төрт адам сотталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Алматы қаласы ІІД Тергеу басқармасының мәліметінше, қаржылық пирамидаларға қатысты төрт қылмыстық іс бойынша өндіріс аяқталды. Олардың кесірінен барлығы 500-ге жуық адам зардап шеккен. Ал келтірілген шығынның жалпы сомасы 1,5 миллиард теңгеден астам.

– Солардың бірі 1988 жылы туған азамат А. С. Лим  2017 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың тамыз айына дейін алаяқтық жолмен азаматтардан инвестиция (қаражат) тарту арқылы «LS inc» ЖШС құрған. Одан әрі пайда көру мақсатында, спорттық ойындардың нәтижелеріне ақша ставкаларын қою арқылы, азаматтар салған ақшаны толық көлемде және тәуекелсіз қайтаруға жалған кепілдік берген. Өзін көбірек баю мақсатында азамат Л. салынған қаражат бойынша сыйақыны кез келген уақытта, әр түрлі тәсілдермен: картаға, банктік шотқа немесе кеңсеге аудару арқылы алуға болатынына «кепілдік» берді. Алданған азаматтардың арыздары бойынша 188 қылмыстық іс тіркеліп, жалпы шығын 1 440 281 000 теңгені құрайды, - дейді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов.

Алмалы аудандық сотының қаулысымен азамат А.С. Лим 6,5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар, әлеуметтік желі арқылы инвестициялық жоба ашылды деп алдап келген азамат Д.А. Алдабергеноваға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.