Биыл еліміздің батыс өңірлеріндегі қуаңшылыққа байланысты еріктілерді біріктіріп, сол облыстарға жем-шөп жіберуге айрықша үлес қосқан Құрмет Талапқазы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық алғысы» медаліне ие болды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, халықтың алғысына бөленген Құрмет Талапқазыға марапатты Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев тапсырды.
Құрметтің отаншылдығы жастарға үлгі болатынын айтқан басқарма басшысы оған естелік сыйлық ұсынып, Түркістан өңірінің еңбекқор жұртшылығы игі бастамаларды әрқашан қолдап келе жатқанын атап өтті. Азаматқа елдің ықыласы ерекше екенін жеткізді.
Еске сала кетсек, Білім және ғылым министрлігі Құрмет Талапқазыға Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде тегін білім алуға мүмкіндік бергенді. Сондай-ақ, жақында қазақ халқы алғыс ретінде қомақты қаржы жинап, оған үй алып берді.