×
443.85
474.3
4.8
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.85
474.3
4.8

Жаңаөзендегі бейбіт ереуіл қалай қантөгіске ұласты

Фото: ашық дереккөзден

Сонымен, 10 қаңтар ел бойынша Жалпыұлттық аза тұту күнін жариялауға мәжбүр еткен елдегі қайғылы жағдай 2 қаңтар Жаңаөзеннен басталғанын еске алады Ulysmedia.kz тілшісі.

Онда наразылыққа шыққандар екі есе, 60 теңгеден 120 теңгеге бір-ақ өскен газ бағасын түсіруді талап етті. Өкінішке қарай, кейінірек бұл талап орындалғанымен, дені елдің оңтүстігінде және батыста жағдай ушығып кетті. 

3 қаңтар Жаңаөзеннің орталық алаңына жиналғандар экономикалық мәселелерді былай қойғанда, саяси тақырыптарға ойысып, Қазақстан үкіметі мен басшылығының қызметтен кетуін алға тосты. Ақтауда ереуілдеушілер Жаңаөзен халқын қолдап, жолды жапты. ҚР Президенті Қасым-Жомарт болса, шеруге шыққандар қоғамдық тәртіпті бұзбауы тиістігін жазды.

Үкімет газ бағасын 85-90 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдағанымен, оған ешкім құлақ аспады. Осы орайда, 4 қаңтар, Жаңаөзендегі бас көтеруге өзге аймақтар да қосыла бастады. Ақыры Маңғыстау облысында барған үкіметтік комиссия өңірде сұйытылған газ бағасы 1 литріне 50 теңгеге дейін төмендейтінін мәлімдеді. Ақтөбеде де газ 50 теңгеге арзандады. Дегенмен наразылықтар сонда да жалғасып, зорлық-зомбылық жиіледі. Тоқаев «билік құламайды» деп бейнежолдау жасады.

Нағыз аласапыран қос бүйректен қысқан 5 қаңтарға қараға түні Алматыда жағдай күрделеніп, көшеде атой салғандар полиция көліктерін өртеп жіберді. Алғашқы тәртіп сақшылары жарақат алды. Оңтүстік астанада әкімдік қызыл жалынға оранып, жедел жәрдемге шабуылдағандар бейбіт тұрғындар мен күштік құрылым өкілдерін соққыға жықты. Осы түні тек Алматы қаласында 120 көлік құралы өртеніп, оның ішінде 33 полиция машинасы мен жедел жәрдем, өрт сөндіру машиналары жанып кетті. 120 сауда орны, 180 қоғамдық тамақтану орны және 100-ге жуық кеңсе бүлінді. Зәбір көрген 500 адамның 130-ы әйелдер мен қариялар болды.

Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында, одан соң барлық ел аумағында 19 қаңтарға дейін төтенше жағдай жарияланды.

Таңертең ерте Үкімет оставкаға кетіп, қызметінен босатылған Асқар Маминның орнына Премьер-министр болып уақытша оның бірінші орынбасары Әлихан Смайылов тағайындалды. Мемлекеттік хатшы ауысып, бұл орынға Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин келді. Сонымен қатар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірінші орынбасары ретінде тағы бір Мемлекет басшысының көмекшісі Мұрат Нұртілеу тағайындалып, қазір Самат Әбішті қосқанда, ҰҚК-де екі бірінші «зам» бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты кеңес өткізіп, өз сөзінде инфляцияға жол бермеу атқарушы биліктің басты міндеттерінің бірі екенін, бірақ оның орындалмағанын айтты.

«Бұл ел Үкіметінің келесі құрамының және министрлер кабинетінің жаңа басшысының ең басты  міндеті болады», – деді ол.

Тоқаев елімізде қалыптасқан күрделі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайға тоқталып, сұйытылған газ бағасының артуына байланысты халықтың наразылығын тудырғаны үшін Үкімет, соның ішінде, Энергетика министрлігі, сондай-ақ «Қазмұнайгаз» бен «Қазақгаз» кәсіпорындары кінәлі екенін нұсқады. Жаңаөзендегі газ зауытының басшысы ұсталды. Жалпы бүгінге дейін бірқатар қызмет иесі (дені ҰҚК қатарынан) жұмысынан босатылды.

Осы күні тұтас елде ғаламтор өшіріліп, қазір ол белгілі бір уақыт аралығында берілуде. Банкоматтан ақша алу қиындап, банктер жұмысын тоқтатты. Қаржы институттары бүгінде біртіндеп жұмысын жандандыруда.

5 қаңтар кешке Қазақстан жетекшісі ҰҚШҰ тарапынан көмек сұрап, бүгінде Ресей мен Беларусь, Армения және Қырғызстан елдерінен келген бітімгерлік күш сарбаздары стратегиялық нысандарды күзетуге кірісті.

Бейбіт шерулерді қантөгіске ұластырған лаңкестер мен тонаушылар жаппай ұсталуда. Қақтығыстарда қанша адам тапқаны әзірге нақты белгісіз. Бизнес шығыны бүгінге күнді есеп бойынша 93,7 млрд теңгені құрауда.

6 қаңтарға қараған түні отандық арнайы жасақ Алматыдағы полиция ғимараты сынды әкімшілік жайларға шабуылдаған тәртіпсіздікке қатысушыларға тойтарыс беруге күш салды.

7 қаңтар таңертең өткізілген шұғыл жиналыста Тоқаев барлық өңірде құқықтық тәртіп орнағанын, алайда қарсылық танытушылар әлі қару қолдануда екенін жеткізді. Елде халық жасақтары құрыла бастады.

Жалпы ереуілдер нәтижесінде Қазақстанда газ бағасы мен коммуналдық тарифтерді көтеруге 180 күнге шектеу қойылып, мемлекет әлеуметтік маңызды азық-түлік түрлерінің бағасын реттеуге бекінді.

Бүгінде ахуал жалпы алғанда тұрақталып, Қауіпсіздік кеңесінің тізгінін өз қолына алған Президент содырларға аяушылық болмайтынын, оларға ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін ескертті.

8 қаңтар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов мемлекеттік сатқындық жасады деген айыппен абақтыға тоғытылғаны белгілі болды.

9 қаңтар салыстырмалы түрде тыныш өтіп, 10 қаңтар Қазақстан Президенті мұрындық болған ҰҚШҰ онлайн-саммиті бір минут үнсіздікпен басталды.

Шара барысында Тоқаев тарихта «Алматы тарихы» атауымен қалмақ мемлекеттік төңкеріс әрекеті болғанын атап өтіп, лаңкестердің екі әскеридің басын кесіп алғанын қайталады. Бейбіт шерулерге ешқашан күш қолданылмайтынынын келтірген ол Қазақстанда ҰҚШҰ жағынан 2030 адам мен 250 техника барын мәлім етті. Полицияға 8 мыңға жуық адам жеткізіліп, 116 бірлік қару-жарақ тәркіленген. 11 өңірді қамтыған агрессияда негізгі көзделгені Алматы екені аян.  Операция жалғасуда. Тығылып, бұлтаруға көшкен лаңкестер сақалдарын қырып, қарапайым азаматтар секілді киіну арқылы жаңа тактикаға көшкенін Тоқаевтың өзі мәлімдеді.

Серіктес жаңалықтары