Семейде мұғалім оқушы қыздарды сипалап, тиісіп жүрген

Сымбат Сатыбалдина
Видео кадры

Семейдегі мектеп мұғалімі оқушы қызды сипалап, тиіскен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы қоғам белсендісі Дина Таңсәрі жазды. 

- Мұғалім оқушыларды түртіп, бетінен, құлағынан, мойнынан ұстап жүр. Видеодағы қыз ыңғайсыз жағдайға тап болып, қалай әрекет ету керегін түсінбей қалады. Басқа балалар да қорыққанынан, оларға да тиісе ме деп не істеу керегін білмейді. Қыздар ұялып, жеке шекарасын қалай қорғау керегін білмейді, дейді Таңсәрі. 

Бір күні мұғалімнің әрекеті видеоға түсіп қалған. 

- Директор оған құжаттарын алып кетуді тапсырған. Балалардың сөзінше, ол қазір басқа мектепте жұмыс істеп жүр, делінген жазбада. 

МИНИСТРЛІК НЕ ДЕЙДІ

Бұл жайтқа қатысты оқу-ағарту министрлігі пікір білдірді. Министрлік мәліметінше, видео 2023 жылы түсірілген. Қазіргі уақытта оқушы 9-сыныпта оқуын жалғастыруда.

- Балалардың құқықтарын қорғау комитеті шұғыл түрде тексеру жүргізді. Балаға қатысты орынсыз әрекетке жол берген педагог қазіргі уақытта білім беру саласында жұмыс істемейді. Сондай-ақ, комитет педагогтің іс-әрекетіне құқықтық баға беру үшін құқық қорғау органдарына жүгінді, дейді министрліктегілер. 

Бұл мәселе комитеттің тұрақты бақылауында.