"Найман" лақап атымен танымал аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов оқырмандарына күтпеген мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Спортшы саяси көзқарасына байланысты бір емес, екі бірдей жекпе-жегі өтпей қалғанын айтты.
Бұл туралы спортшының өзі Instagram-да оқырмандарына айтып берді.
– Ассалаумағалейкүм, жігіттер! Қысқасы, "Қуат, келесі жекпе-жегің қашан?" деген сұрақтарды қоймай-ақ қойсаңыздар болатын сияқты. Өйткені бір емес, екінші жекпе-жегім өтпейін деп отыр. Астанадағы ақпанда өтуі керек жекпе-жегім саяси көзқарасыма байланысты өтпей қалды. Екінші жекпе-жегім бойынша… үкіметке тағы бірдеңем ұнамай қалған. Сондықтан көп жігіт "Қуат деген хайп үшін істеп жүр, айтқан шындықтарының бәрін өзіне жарнама ретінде жасап жүр" деп айтып жүр еді. Жарнама ондай болмайды, жігіттер. Менің бүкіл шындықты айтқан сөздерімнің кесірі бұрыннан, "Ескі Қазақстаннан" бері тиіп, зардабын шегіп келе жатырмын, – деді ол.
Қуат Хамитов "Жаңа Қазақстанның" да бар екеніне күмән келтірді.
– Міне, 27 мамыр күнгі жекпе-жегім де болмайтын сияқты. Бұл мені сындырмайды. Маған не істесе де, шындықты айтуға және халықпен бірге болуға дайынмын, – деді Хамитов.
ҚУАТ ХАМИТОВ КІМ?
Қуат Хамитов — Қазақстанның танымал аралас жекпе-жек (MMA) шебері, үш дүркін әлем чемпионы және қоғам белсендісі. "Найман" лақап атымен танымал, ол еліміздегі ең ықпалды спортшылардың бірі.
Ол сонымен бірге қоғамдағы мәселелерге белсенді араласатын тұлға. Қуат әлеуметтік желілерде халықтың жағдайы мен елдің дамуына қатысты пікірлерін жиі айтады.