"Қысқа кимеу керек, қатты сөйлемеу керек". Алматыдағы оқу орнында қалай "жақсы қыз" болу керегін үйреткен

Сымбат Сатыбалдина
Фото: Qumash

Алматыдағы жоғары оқу орнында бірінші курс студенттеріне қалай "жақсы қыз" болу керегін үйреткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ 

Бұл жайт туралы qumash тілшілері жазған. Олардың сөзінше, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінде 40-50-ге жуық студент қыздарды жинап, “қыз бала ибалы болуы керегін” түсіндіріп, артынша видео қосылған. Видеода бірнеше ер адам қыз баланың жүріс-тұрысы туралы айтқан. 

- Видеода қыз бала ашық киінбеуі керек, қатты сөйлемеуі керек, ал ер адамдарды көргенде бас изеп, сәлем беруі керек деген тезис айтылған. Одан бөлек, араларындағы үлкен адамның сөзінше, еуропалық әйелдердің тым еркін болуының салдарынан онда ЛГБТ тараған көрінеді, делінген жазбада. 

УНИВЕРСИТЕТ ӨКІЛДЕРІ НЕ ДЕЙДІ

Бұл жазбаға оқу орнының өкілдері пікір білдірген. ЖОО мәліметінше, 5 мамыр күні университет қабырғасында студенттерге арналған тәрбиелік бағыттағы кездесулердің бірі өткен.

- Мұндай шаралар Абай Құнанбайұлының тәрбиелік философиясы мен жалпыұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған және университетте тұрақты түрде ұйымдастырылады. Бұған дейін бұл шаралардың мазмұнына қатысты сын-пікірлер болмаған, делінген жауапта. 

КЕЗДЕСУДІҢ МАҚСАТЫ

Олардың сөзінше, аталған кездесудің басты мақсаты — ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жастардың мәдени-этикалық санасын көтеру және әдеп нормаларын түсіндіру болыпты.

- Алайда кездесу барысында көрсетілген бейнематериал студенттердің арасында екіұдай пікір туғызып, қатысушылар арасында пікірталасқа себеп болды. Университет әкімшілігі бұл жағдайға түсіністікпен қарайды және алдағы уақытта мұндай мазмұндағы материалдарды таңдауда барынша мұқият болатынын мәлімдейді. Абай университеті – зайырлы білім беру мекемесі. Біз студенттердің жеке таңдауы мен еркіндігіне, пікір алуандығына құрметпен қараймыз. Университет басшылығы әрқашан студенттермен ашық диалогқа дайын және олардың пікірін ескеруге мүдделі, дейді университет өкілдері.