Алаяқтар балалар ойыны арқылы ересектердің банк картасы туралы мәлімет жинап жүр

Сымбат Сатыбалдина
Ulysmedia.kz коллажы

Алаяқтар жасөспірімдерді алдап, олардың ата-анасының банк карталарына қол жеткізу үшін онлайн-ойындарды пайдаланып жүр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

 

МӘН-ЖАЙ

Бұл туралы балалардың құқықтарын қорғау комитеті мәлімдеді. Комитет мәліметінше, соңғы уақытта жасөспірімдерге бағытталған алаяқтық жағдайлары көбейіп кетті. Алаяқтар онлайн ойындар мен мессенджерлерді (әсіресе Telegram) пайдаланып, балаларды алдап, ата-аналардың банк карталарының деректерін қолға түсіруге немесе кәмелетке толмағандарды заңсыз қаржылық әрекеттерге тартуға тырысады.

Балаларға ойын арқылы ұтыс ұтып алуға немесе «оңай ақша табуға» болады деп сендіріп:

  • банк карталарының суретін CVV-кодымен бірге сұратады;
  • карталарын «жалға беруді» ұсынады;
  • достары мен сыныптастарының карталарын жинауды сұрайды.

САЛДАРЫ АУЫР

Бұл әрекеттердің салдары өте ауыр болуы мүмкін — заң алдында жауапқа тарту қаупі бар және баланың психикасына, өмірге деген сеніміне зиян келтіреді.

АТА-АНАЛАР НЕ ІСТЕУІ КЕРЕК

  • Баламен ашық сөйлесіп, алаяқтықтың кім екенін және неге банк картасының деректерін ешкімге беруге болмайтынын түсіндіріңіз.
  • Қауіпті арналарға жол бермес үшін ата-ана бақылауын орнатыңыз.
  • Балаңыз интернетте кіммен, не жайлы сөйлесіп жүргенінен хабардар болыңыз.

Күмәнді әрекеттерді байқасаңыз, бірден құқық қорғау органдарына немесе 111 байланыс орталығына хабарласыңыз.