Марат Жыланбаев Степногорск қаласындағы колонияда жазасын өтеп жатыр. Ол қысым көріп жатқанын айтып, сыртпен байланыстан айырылғанын және жағдайына шағымдану құқығы шектелгенін мәлімдеген. Бұл туралы Ulysmedia.kz порталы KazTAG агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Марафоншы Марат Жыланбаев Степногорск қаласындағы колонияда 2025 жылы наурыз бен мамыр аралығында ұзақ мерзімді аштық жариялаған. Бұл оның денсаулығына кері әсер еткен. Бұл туралы адвокаты Мейіржан Досқараев мәлімдеді.
Аштық тоқтағаннан кейін Жыланбаев тәртіптік изоляторға (ДИЗО) жабылған. Қорғаушысының айтуынша, онда жағдай ауыр күйде. Адвокаттың сөзіне қарағанда, ресми байланыс терминалдары болғанына қарамастан, марафоншының шағымдары мен өтініштері мекеме аумағынан тысқары шықпайды. Оған бұл құрылғыларға қол жеткізу де шектелген. Кез келген сыртқа жолдауға дайындалған құжаттар, соның ішінде адвокатқа арналған жазбалар тәркіленеді. Бұл – Досқараевтың айтуынша, «адвокаттық қызмет туралы» заң мен адвокаттық құпия қағидатына қайшы.
2024 жылдың соңында Жыланбаевқа бұрын рұқсат етілген токарлық және сурет өнерімен айналысуға тыйым салынған. Жыл басында ол құрал-саймандар мен бояу, қылқалам жіберуге рұқсат алғанымен, колония әкімшілігі бұл шешімді аяқ астынан өзгерткен. Сонымен қатар, оның жеке жазбалары мен қан қысымын бақылауға арналған тонометрі де тәркіленген.
Адвокаттың мәліметінше, бұл – биылғы екінші аштық. Ал былтыр Жыланбаев алты мәрте аштық жариялаған. Ол жағдай өзгермесе, аштықтың тиімсіз екеніне көзі жеткендіктен, өзін зақымдауға дейін баратынын ескерткен.
Досқараев 21 мамырда қорғауындағы азаматпен кездескенін айтты. Жыланбаев әлі толық қалпына келмеген. Шағымдарға жауап орнына, мекеме тарапынан оған қосымша қысым жасалып жатыр. Бұған қоса, оған жүгіруге рұқсат берілмеген, адвокатымен сөйлесуге және омбудсменмен байланысқа шығуға мүмкіндігі де жоқ.
Тіпті сәуір айының басында маған жазған хаты әлі қолыма тимеді. Мараттың Адам құқықтары жөніндегі уәкілге жолдаған өтініші де жеткізілмеген, — дейді Досқараев.
ЖЫЛАНБАЕВ ЖАЙЛЫ
Марат Жыланбаев – дүниежүзіндегі ең ірі шөлдерді жекелей жүгіріп өткен жалғыз адам. 2022 жылы «Ар-Бедел» қоғамдық қоры Жыланбаевты Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ар-намысын қорғау бойынша сотқа берген. Кейінгі жылдары белсенді ретінде билікке ашық талабын айтып, партиясын тіркемек болған. 2023 жылдың қарашасында Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Жыланбаевты ҚР Қылмыстық кодексінің 258-бабы 2-бөлігі және 405-бабы 2-бөлігі («Сот тыйым салған экстремистік ұйымды қаржыландыру және оның қызметіне қатысу») бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар оған 3 жыл мерзімге бұқаралық ақпарат құралдары мен телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, қоғамдық-саяси қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы тағайындалды.
2024 жылғы 19 қаңтарда Астана қалалық соты Жыланбаевтың апелляциялық шағымын қанағаттандырмай, үкімді өзгеріссіз қалдырды. 24 қаңтарда ол үкім жойылғанға дейін белгісіз мерзімге аштық жариялаған. Алайда 12 ақпанда денсаулығына байланысты аштықты тоқтатуға мәжбүр болды.
Марат Жыланбаев бұған дейін де бірнеше рет аштық жариялаған. Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін оны босатып, оған тағылған айыптарды алып тастауға шақырған болатын.