Енді 16 жасқа дейінгі балалардың Instagram парақшасы бақылауда болады

Сырым Қаржас
Фото: iz.ru

Енді 16 жасқа дейінгі балалардың Instagram парақшасы ата-аналар мен платформа әкімшілігінің бақылауында болады. Жасөспірім кімге жазылды, кіммен сөйлесті, қандай контент көріп жүр - бәрі қадағаланады. Бұл шараларды енгізуге еліміздегі балалар арасында интернеттегі қауіптерге жиі тап болу жағдайы себеп болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Информбюро31 мәліметінше, Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры жүргізген зерттеу дерегіне сәйкес, Қазақстандағы жеткіншектердің 15 пайызы күн сайын жағымсыз видеолар көреді. Ал 21 пайызы кибербуллингке ұшырайды. Осыған байланысты цифрлық даму министрлігі мен Meta компаниясы арнайы бақылау жүйесін іске қоспақ.

ЖАҢА ЖҮЙЕ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Meta ұсынып отырған Instagram нұсқасы 16 жасқа дейінгі балаларға арналған. Бұл жүйе аясында:

  • Жасөспірімдер ересектерге арналған контентті көре алмайды – автоматты шектеу қойылады;
  • Аккаунттар автоматты түрде жабық күйде болады;
  • Бір сағаттан артық әлеуметтік желіде отырса, балаға үзіліс алу туралы ескерту келеді;
  • Түнгі уақытта платформаға кіру мүмкіндігі шектеледі.

АТА-АНАЛАРҒА БЕРІЛЕТІН МҮМКІНДІК

Meta компаниясының баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл жүйе балаларды онлайн кеңістіктегі қауіптен қорғауға бағытталған. Балалар жаңадан аккаунт ашқан кезде, олар автоматты түрде күшейтілген қорғаныс деңгейі бар Teen Account форматына өтеді.

Ата-аналар:

  • Баласының кіммен хат алмасқанын көре алады;
  • Қорғаныс параметрлерін өзгерту үшін ата-ананың рұқсаты талап етіледі;
  • Жағымсыз пікірлер мен бейәдеп сөздерді өз бетінше бұғаттай алады.

ҚОҒАМ ПІКІРІ ЕКІҰШТЫ

Жеткіншектерді онлайн кеңістікте бақылау бастамасына қоғам пікірі әртүрлі. Бірі бұл шараны балалар қауіпсіздігі үшін қажет десе, енді бірі оны артық бақылау деп санайды.

ТЕК INSTAGRAM ЕМЕС

Бақылау жүйесі тек Instagram-мен ғана шектелмейді. Жаңа ережелер Facebook пен Messenger платформаларына да енгізілмек.