Алматыда жетім балаларды Қонаевқа күштеп көшіріп жатыр

Сырым Қаржас
Видео кадры

Алматыда №1 балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаевқа көшіру басталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

21 шілде, дүйсенбі күні Алматыда №1 балалар үйіндегі жетім балаларды басқа мекемеге көшіру процесі басталды. Балалар Қонаев қаласындағы мекемеге жіберіледі деп жоспарланып отыр.

Алайда тәрбиеленушілер бұған дейін бірнеше рет өз пікірлерін ашық айтқан, олар Алматыдан көшкілері келмейтінін жеткізген. Соған қарамастан, көшіру басталып кетті. Таңертең балалар үйіне полиция қызметкерлері келіп, көшіру шараларын бастаған. Жарияланған видеоларда балалардың қарсылық танытқаны, ал полиция тарапынан күш қолданылғаны көрінеді. Тіпті тәрбиеленушілердің бірі есінен танып қалған.

– Билік пен жетім балалар. Міне, "ерікті көшірудің" шынайы көрінісі осындай ма? Алматыдан Қонаевқа көшіру кезінде балалардың пікірі мен келісімін ескермей жасалған кез келген әрекет – БҰҰ Конвенциясы мен Қазақстан заңнамасының тікелей бұзылуы! Бұл жекелеген мәселе емес, мемлекеттік деңгейде араласуды талап ететін қоғамдық трагедияға айналып барады, – деп жазды бұрынғы бала құқықтары жөніндегі уәкіл, құқық қорғаушы Аружан Саин.

Ол балалардың қайда көшірілетінін білуге, өз даусын естіртуге, өмір сүру, білім алу және болашаққа қатысты шешімдерге қатысуға толық құқығы бар екенін еске салды.

КОНТЕКСТ

Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаевқа көшіру қоғамда үлкен сын мен алаңдаушылық туғызды. Ата-аналар мен балалар бұл туралы тек көшіру жақындаған кезде, ешқандай нақты түсіндірусіз, дайын факті түрінде естіген. Олардың көпшілігі Алматы мектептері мен колледждерінде оқиды, ал олардың достары мен әлеуметтік ортасы осы қалаға тығыз байланысты.

Шенеуніктер көшіруді жүйені оңтайландыру және жағдайды жақсарту деп түсіндіруге тырысқанымен, іс жүзінде балаларды қалыптасқан ортадан ажыратып, жаңа жерге бейімделуге мәжбүрлеуде. Конаевта бұл балаларға қажетті білім беру бағдарламасы бар мектептер де, Алматыда алған қолдауға тең инфрақұрылым да жоқ.