«Саяси тұтқынға» араша сұраған Бақытжан Төреғожинаның үстінен іс қозғалды

Есдәулет Қызырбекұлы
ulysmedia коллажы

Құқық қорғаушы, «Ар. Рух. Хақ» қоғамдық қорының басшысы Бақытжан Төреғожинаның үстінен әкімшілік іс қозғалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

АЙЫП ЖӘНЕ ТҮСІНІКСІЗ ВИДЕО

29 шілдеде Алматының Алмалы аудандық полициясы құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның үстінен «жалған ақпарат тарату» бабымен әкімшілік іс қозғады. Төреғожинаны полицияға учаскелік полицей Мұхит Талғатбекұлы шақырған. Ол мониторинг кезінде Facebook желісінде құқық қорғаушы сот шешімімен жеті жылға бас бостандығынан айырылған марафоншы, тіркелмеген оппозициялық «Алға, Қазақстан!» партиясының жетекшісі Марат Жыланбаевтың денсаулығына байланысты шындыққа жанаспайтын ақпарат таратқанын алға тартты. Ол Жыланбаев қамауда отырған Степногорск қаласындағы N4 мекеме әкімшілігі жіберген видеоны көрсетті. Онда Марат Жыланбаевқа ұқсайтын адам дене жаттығуын жасап жатқаны көрінеді.

Учаскелік полиция қызметкері Мұхит Талғатбекұлы

ҚАРСЫЛЫҚ ПЕН ЖАУАПСЫЗ СҰРАҚ

Бақытжан Төреғожина мен оның қорғау тарапы қозғалған іспен келіспеді. Олар іске Марат Жыланбаевтың медициналық деректері тіркелмегенін, видеоның қай уақытта, кімнің түсіргені белгісіз екенін айтты.

Құқық қорғаушының заңды өкілі Маржан Аспандиярова учаскелік полиция қызметкері Мұхит Талғатбекұлынан іс қозғауға қандай себеп болғанын сұрады. Ол «қандай да бір тараптан шағым түсті ме?» деді. 

– Cіз таратқан ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін қалай анықтадыңыз? Парақшаны көріп, баянат жазбас бұрын сіз бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын қайдан білдіңіз?, – деді Маржан Аспандиярова.

Заңгер Маржан Аспандиярова мен учаскелік полиция қызметкері Мұхит Талғатбекұлы

Талғатбекұлы оның бұл сұрағына нақты жауап бере алмады.

– Баянатты жазғаннан кейін, біз КУИС-ке сауал жолдадық, бұл шын ақпарат па, жоқ па деп. Олар шындыққа жанаспайтын ақпарат деп жауап берді, – деді ол.

ІСКЕ ҚАТЫСЫ ЖОҚ ПОЛИЦИЯ ӨКІЛІ

Қорғау тарапы әкімшілік заңбұзушылық белгілері жоғын айтты. Олар сауалдың өзі де, жауабы да істе тіркелмеген деді. Учаскелік полиция қызметкері нақты жауап бере алмаған соң, Алматы қаласының жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Айтан Елеусізов араласты. Ол қарамағындағы полиция қызметкері мәселені дұрыс түсіндіре алмай отырғанын алға тартты. Бақытжан Төрағожинаның қорғау тарапы оған нақты іске қатысы жоғын айтып, араласпауды сұрады.

Қалалық полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Айтан Елеусізов

ӨТІНІШХАТ ПЕН ХАТТАМА

Ұзақ даудан кейін Бақытжан Төреғожина іске дәлел ретінде Марат Жыланбаевтың денсаулығына қатысты медициналық сараптама мен оның өз қолымен жазылған растау хатын тіркеуді талап етті. Мұхит Талғатбекұлы бастапқыда бұл уәждерді орындауға келіскенімен, кейіннен құқық қорғаушының үстінен бәрібір әкімшілік хаттама толтырды.

– Сіз не істеп отырғаныңызды білесіз бе? Сізге қарсы біз (істі тоқтату туралы) өтінішхат жазып отырмыз, – деді адвокат Ғалым Нұрпейісов.

Қалалық полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Айтан Елеусізов «бірінші іс қозғалу керек, сосын барып оны тоқтату туралы өтінішхат түсіре аласыз» деді.

Құқық қорғаушы, Бақытжан Төреғожина

«СОТҚА ТАРТУ ҮШІН БЕЛГІСІЗ ВИДЕОНЫ КӨРСЕТТІ»

Бақытжан Төреғожина өзіне қарсы толтырылған өтінішхатқа қол қоюдан бас тартты. Ол іске қатысты Марат Жыланбаевтың видеосын беруді сұрады. Учаскелік полицей оны беруден бас тартты. Ол іске қатысты барлық құжатты кейін жіберетінін айтты. Төреғожина өзіне қатысты іспен толыққанды танысуға құқығы барын айтты.

– Мені сотқа тарту үшін қайдан шыққаны белгісіз видеоны көрсетті. Қазір біздің бірде-бір сұрағымызға нақты жауап бере алмаған капитанға қарсы өтінішхат түсірдік... Мен (Марат Жыланбаевтың денсаулығы дұрыс екеніне) өзім көз жеткізгім келеді. Себебі біздің мемлекеттік органдардың ешқайсысына сенім жоқ. Президенттен бастап, капитанға дейін сенім жоқ. Өкінішке орай, бізде сөз көп, іс аз. Тіпті дәлелдердің өзін ұсына алмайды. Біздегі саяси соттарды білесіздер. Бізде 7-9 жылға тек ғана белгісіз адам, белгісіз арыз жазғаны үшін отырғыза салады. Соттардың өзі істі толыққанды қарамайды да, – деді Төреғожина Ulysmedia тілшісіне.

Полиция Төреғожина мен оның қорғау тарапы жазған өтінішхаттарды қабылдап алды. Оны қарап, алдағы уақытта жауап беретіндерін айтты.

Бақытжан Төреғожины полицияға шақырғаны туралы ақпарат кеше, 28 шілдеде шыққан. Ол бұл туралы өзінің Facebook парақшасына жазған.

Әкімшілік іс қозғауға Марат Жыланбаевтың денсаулығына қатысты жазған жазбасы себеп болған. Жазбада Төреғожина Жыланбаевтың денсаулығы нашарлап кеткенін, терісінің түсі өзгеріп, есінен танып қала беретінін, салмағы 45 келі болып қалғанын жазған.

МАРАТ ЖЫЛАНБАЕВ

61 жастағы марафоншы, тіркелмеген оппозициялық «Алға, Қазақстан!» партиясы бастамашыл тобының жетекшісі Марат Жыланбаев сот шешімімен жеті жылға сотталған. Оған «экстремизмді қаржыландыру» және экстремистік ұйым жұмысына араласу» баптары бойынша айып тағылған. Жыланбаевтың өзі де, жақтастары да тағылған айыппен де, үкіммен де келіспейді. Олар істің саяси астары бар деп есептейді. Белсендінің өзі үкіммен келіспей бірнеше рет аштық та жариялаған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Марат Жыланбаевты «саяси тұтқын» деп таныған. Ресми Астана елде саяси тұтқын барын жоққа шығарады. Ешкім саяси ой-пікірі үшін қудаланбайды дейді.