Демократтар Конгресте басымдық алуға жақын: АҚШ сайлауының алғашқы қорытындылары

Ulysmedia коллажы

АҚШ-та аралық сайлаудың дауыстары саналып жатыр. Associated Press агенттігінің алдын ала мәліметінше, демократтар Конгрестің қос палатасында да көпшілік орынға ие болуға жақын, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Негізгі нәтижелер

Негізгі жаңалықтардың бірі – Техас штатындағы Сенат сайлауында демократ Джеймс Талариконың республикашыл Кен Пакстонды жеңуі. Атап өтсек, демократтар бұл штатта 1988 жылдан бері Сенат сайлауында жеңіске жетпеген.

Солтүстік Каролинада демократ Рой Купер бұған дейін республикашылдарға тиесілі болған орынды иеленді. Джорджияда демократ сенатор Джон Оссофф мандатын сақтап қалды. Ал Нью-Гэмпширде оның партияласы Крис Паппас жеңіске жетті.

Флоридада республикашыл Эшли Муди АҚШ мемлекеттік хатшысы қызметіне ауысқан Марко Рубионың сенаторлық өкілеттігінің қалған мерзіміне сайланды.

Бұл Трамп үшін нені білдіреді?

Республикашылдар Конгрестегі басымдығынан айырылса, Дональд Трамптың заңнамалық бастамаларын жүзеге асыруы едәуір қиындауы мүмкін. Демократтардың бюджетке қатысты шешімдерге ықпал ету және президент әкімшілігінің жұмысын парламент арқылы бақылау мүмкіндігі артады.

Алайда аралық сайлау нәтижесі АҚШ президентін өзгертпейді. Дональд Трамп өз міндетін атқаруды жалғастырады.

Дауыстар әлі саналып жатыр

Конгрестегі орындардың түпкілікті бөлінісі әзірге анықталған жоқ. БАҚ жекелеген сайлау жарыстарында жариялаған жеңімпаздар туралы мәліметтер алдын ала сипатта. Нәтижелер ресми түрде бекітілуі тиіс.

3 қарашадағы сайлауда америкалықтар Өкілдер палатасындағы барлық 435 орын мен Сенаттағы 35 орынға дауыс берді.