Алматы әкімдігі Бағанашылдағы балалардың үндеуіне жауап берді

Сырым Қаржас
Видео кадры

Алматы әкімдігі Бағанашылдағы балалардың 30 шілдедегі үндеуіне жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Әкімдік мәліметінше, «Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілері өз Орталығы аумағында тұрып, Алматы қаласында білім алуын жалғастырады. Қазіргі таңда Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдіктері нысанды қаланың қарамағына беру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

- Тәрбиеленушілерге заманауи әрі қауіпсіз жағдай жасау мақсатында балалар үйінің ғимаратына кешенді қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланып отыр. Айта кетерлігі, бұл техникалық зерттеу, жобалау-сметалық құжаттама дайындау, мемлекеттік сараптамадан өткізіп, тиісті конкурстық рәсімдерден өткеннен кейін ғана келесі жылы басталады, делінген хабарламада.

Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары кезінде балаларды уақытша орналастыру мәселесі қауіпсіздік талаптары мен қажетті тұрмыс жағдайын ескеріле отырып шешіледі. Балалар бірінен бірі бөлінбейді.

Тәрбиеленушілер Алматы қаласындағы қазір өздері оқып жүрген мектепте білім алуын жалғастырады. Балалар үйінің ғимаратынан балаларды Қонаев қаласына көшіру мәселесі қарастырылып жатқан жоқ.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілері кезекті рет мәлімдеме жасап, ғимаратқа жөндеу жүргізу барысында өзара бөлініп кету қаупі туындағанын айтқан болатын