Алматыдағы FarmHouse демалыс орталығында ит ағашқа асылған күйі табылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бұл оқиға жайлы куәгер 2GIS қосымшасында жазған. Бұл пікір әлеуметтік желілерде кең тарап, қоғамда резонанс тудырды. Келушінің айтуынша, оған көргенін «жария етпеуін» сұраған.
— Балалармен бірге олардың аумағында серуендеп жүріп, қатыгездікпен ағашта асулы тұрған итке тап болдық. Қауіпсіздік қызметін шақырып, полицияға хабар беруді өтіндік. Бірақ олар мұны істемеді, керісінше болған жағдайды еш жерде жария етпеуді сұрады. Менің болжамым бойынша, келушілердің шағымынан кейін бұл иттен жай ғана құтылуды шешкен сияқты. Бүкіл күн бойы оған тамақ не су берілмеген болуы мүмкін. Иттің қыңсылағаны анық естілуі тиіс еді. Бүгін ит, ертең, Құдай сақтасын, адам асылып қалуы мүмкін, — деді ол.
Қазақстандықтар 2GIS қосымшасында демалыс базасының рейтингін түсіріп, екі мыңнан астам ашулы пікір қалдырды. Kare.kz жануарларды қорғау қоры бұл оқиғаны тергеуге шақырды.
“ҚАЙҒЫЛЫ ЖАҒДАЙ”
FarmHouse әкімшілігі болған оқиғаны «қайғылы жағдай» деп атады.
— 5 тамызда қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жедел әрекет ету қажет болды. Біз итті уақытша қонақтардан алыс ұстауға мәжбүр болдық. Сол сәтте қызметкерлер оны арнайы панажайға тапсыру үшін баспана мәселесін шешіп жатқан еді. Иттің белсенді қимылын дұрыс ескермегендіктен, ит тұншығып қалған. Бұл кездейсоқ болған, куәгерлерді де, бізді де қатты күйзелткен оқиға. Біздің бұл жағдайдың алдын ала алмағанымызға жауапкершілікті мойнымызға аламыз. Осы оқиғаға бейжай қарамаған барлық жандардан шын жүректен кешірім сұраймыз, — делінген хабарламада.
Демалыс орны иттің өлімінен кейін барлық қызметкерлерге жануарларға адамгершілікпен және қауіпсіз қарау бойынша оқыту жүргізілетінін мәлімдеді. Сондай-ақ, әкімшілік Алматыдағы бір жануарларды қорғау ұйымына қолдау көрсетуді уәде етті.