СҚО тұрғыны Пәкістандағы қазақтарды құшақ жая қарсы алуға дайын екенін мәлімдеді

Сырым Қаржас
Фото: Азаттық

Солтүстік Қазақстан тұрғыны Пәкістанға босып барған қазақтарды қарсы алуға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТҰРҒЫНДАР НЕ ДЕЙДІ

Жергілікті тұрғын Шоқан Пәкістандағы этникалық қазақтардың жағдайын жасап беруге дайын екенін жеткізді. 

- Біз оларды қабылдап, қарсы алуға, баспанамен, жұмыспен қамтамасыз етуге, балаларын жергілікті мектепке орналастыруға дайынбыз. Алғашқы қыстан қиналмай шығуына көмектесеміз – көмір, отын, ет береміз, – дейді Шоқан ZTB-ға берген сұхбатында. 

Оның айтуынша, мұндай шешім қандастарды ғана емес, жойылып бара жатқан ауылды да сақтап қалуға мүмкіндік береді.

- Бізде 7 мың гектар егістік алқабы, шаруашылық бар. Мал шаруашылығымен де айналысамыз. Жұмыс табылады, – дейді қазақстандық.

Шоқан ауылдағы жағдайды да сипаттады. Оның сөзінше, ауылда интернет бар, үйлерде орталықтандырылған су жүйесі жүргізілген, жолдар асфальтталған.

- Мәдениет үйіміз бар, онда қазір күрделі жөндеу аяқталып келеді. Бос үйлер бар, бірақ олар жаңа емес. Қазіргі уақытта ауылда шамамен 350–400 адам тұрады, – деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, ауыл тұрғындары арақ-шараптан бас тартқан – соңғы 20 жылда мұнда алкоголь сатылмайды.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бұған дейін депутат Ерлан Саиров Пәкістанға босып барған қазақтарға араша сұраған болатын. Ол видео үндеуінде Ауғанстаннан Пәкістанға босып баруға мәжбүр болған этникалық қазақтармен сөйлескенін айтады. Оның сөзінше, сол жақтағы Хамит Жорабай есімді адам көмек сұраған.