«17 жасымда ауылдасым зорлап, сексуалдық құлдықта болдым» деген Зиуара Ахметова (аты-жөні өзгертілген) әділдік сұрап, Алматыда баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz .
«Біреуге айтатын болсаң өлтіріп тастаймын»
Зиуара Ахметова былтыр тамызда ауылдасы, 45 жастағы Закир Тугушев көлік жүргізуді үйретемін деп алдап, ауыл сыртындағы алқапқа алып барып, зорлағанын айтады. Оның сөзінше, Тугушев жыныстық қатынасқа түскен сәтін видеоға түсіп, бопсалаған. Кейіннен Зиуараны өзге таныстарына сатып, қызды жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеу арқылы қарыздарын жапқан.
Зиуараның айтуынша, Тугушев оның отбасын таниды. Алыс туыстығы да бар.
«Мен машинадан шығып келе жатқанымда, ол кісі қолымнан ұстай алмай, шашымнан тартып, машинаның ішіне кіргізіп, есігін құлыптап, өзінің арам ойын іске асырды. Бейнежазбалардың бәрін жазып, видеоларға түсіріп алды. «Біреуге айтатын болсаң мен сені өлтіріп тастаймын» деді. Мен бұл жайлы ешнәрсе айта алмадым сол күні. Ұрып-соғып алып келіп тастады көшенің басына», – дейді Зиуара.
«Мен сені сатып алғанмын»
Зиуара Ахметованың сөзінше, сексуалдық зорлық сегіз ай бойы болған.
«Қайталанды, күш көрсетуін тоқтатпады. Қандай қарсылық істесем де ол үнемі ұратын. Шашымнан тартып, қылқындырып, «мен не айсам, соны істейсің, әйтпесе өлтіріп тастаймын» деп, егістіктің ортасына алып барып, сол жерле білгенін істейтін. Өзі пайдаланып болған соң, бір айдан кейін [өзге адамдарға сата] бастады. Ол өзі келісіп, ақшасын алатын. Мен ол адамдарға да жалындым, «көмектесіңдерші» дедім. Олар айтты: «Мен сені Закир Тугушевтен сатып алғанмын. Мен не айтсам, соны істейсің» деп. Мен оларды танымаймын, бірақ тергеу кезіндегі беттестіруде ол кісілерді таныдым», – дейді ол.
Қылмыстық іс
Зиуара үйінен шығудан бас тартқанда Закир Тугушев видеоларды ауылдағы өзге ер адамдарға таратып жіберген. Кейіннен ол адамдар Зиуараға қоңырау шалып, мазалайтын болған.
Зиуара Ахметова (аты-жөні өзгертілген) өз-өзіне төрт рет қол жұмсамақ болған. Дәрі ішіп, қолын тілген. Оқиғадан кейін әкесі екі рет инсульт алған.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған. Бірақ ол тек бір 147-бап «жеке өмірге қолсұғылмаушылықты бұзу» бойынша ғана қозғалған. Қазір іс Мақтаарал ауданының сотында қаралып жатыр. Іс бойынша басты айыпталушы Закир Тугушев қамауға алынған.
«Кем дегенде тоғыз бап бойынша іс қозғалуы тиіс»
Зиуараның заңды өкілі Инга Иманбайдың сөзінше, күдікті бұл бап бойынша 3 жылға бас бостандығынан айырылып немесе айыппұл ғана арқалауы мүмкін. Ол оқиға бойынша кем дегенде қылмыстық кодекстің тоғыз бабы бойынша іс қозғалуы тиіс дейді.
«Бұл істе қылмыстық кодекстің кем дегенде 7-8 бабы бар. Оның ішінде, 120-бап «зорлау», 121-бап «сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері», 123-бап «кәмелеттік жасқа толмағанды азғырып, жыныстық қатынасқа тарту», 134-бап «кәмелетке толмағандарды азғындық жолға түсіру», 125-бап «адамды сатып алу, сату немесе пайдалану мақсатында бостандығынан айыру», 194-бап «бопсалау», 147-бап «жеке өмірге қолсұғылмаушылықты бұзу», 146-бап «азаптау», 105-бап «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу». Осы тоғыз баптың бүкіл құрамы істе бар. Егер біз толыққанды келетін болсақ, қазір қамауда отырған басты айыпталушы өмір бойы бас бостандығынан айырылу керек. Ал Зиуараны сатып алушылар немесе оның қорғаныс жағдайын пайдаланғандар 15-16 жылдан сотталуы тиіс», –дейді Инга Иманбай.
«Жыныстық қатынасқа түскен 11 ер адам жауапқа тартылуы керек»
Инга Иманбайдың сөзінше, Зиуара беттестіруде таныған бірде-бір адам істе күдікті ретінде танылмаған. «Жалпы жәбірленушінің қорғаныс күйін пайдаланып, жыныстық қатынасқа түскен 11 ер адамның барлығы жауапқа тартылуы керек» дейді ол.
«Мен көріп, танысқан құжаттардың арасында іс бастапқыда 120-бап, 333-бап, 331-бап және сол 147-баптармен қозғалған. Бірақ сотқа жетер кезде 147-баппен сараланып, қадағалаушы прокурордың қолымен жаңағы 120-бап және басқа баптардың құрамы анықталмаған деп танылған», – дейді заңгер.
Оның сөзінше, қазір сот қарап жатқан іс 147-бап бойынша қаралып, аяқталады. Бірақ бұған қоса ол өзі айтқан өзге сегіз бап бойынша қайтадан іс қозғауды талап етіп, құзырлы органдарға шағым түсірмекші.