Ерлан Қарин ақындарға араша түсуді сұраған қаламгермен кездесті

Ulysmedia

Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин көкшетаулық ақындар Қуаныш Оспан мен Алмас Темірбайға араша түсуді сұраған қаламгер Думан Рамазанмен кездесті, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: Фейсбук парақшасынан

«Бүгін белгілі қаламгер Думан Рамазанмен кездестім. Ол бірер күн бұрын маған әлеуметтік желі арқылы ашық хат жолдап, көкшетаулық ақындар Қуаныш Оспан мен Алмас Темірбайға араша түсуді сұраған еді. Кездесуде қос ақынның мәселесі ғана емес, қазіргі таңда қоғамды толғандырып отырған бірқатар өзекті проблема туралы пікір алмастық», - дейді Ерлан Қарин.

Оның айтуынша, ақындар – Қуаныш пен Алмасқа қатысты ешқандай қудалау жоқ.

«​Қуаныш пен Алмасқа келетін болсақ, оларға қатысты ешқандай да қудалау жоқ. Және де Қуаныш Оспан қызметін әрі қарай жалғастыра береді, оған ешқандай кедергі жоқ.

​Жалпы, билік органдары қоғам өкілдерімен осылайша ашық сөйлесіп, бірлесе жұмыс жасауға мүдделі және оған дайын», - деп жазды ол.

Еске  сала кетсек, бұған дейін Думан Рамазан Көкшетау қаласында еліміздегі келеңсіздіктерді айтып, бейбіт түрде көшеге шыққан адамдардың арасында Алмас Темірбай мен Қуаныш Оспан сынды қазақтың аса талантты қос қаламгері бар екені туралы мемлекеттік хатшыға хат жазған болатын.