Қазақстанда әлеуметтік төлемдердің мөлшері артты

Ulysmedia

347 мыңнан астам азаматқа МӘСҚ-тан төленетін ай сайынғы әлеуметтік төлемдердің мөлшері артты, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

2022 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін үш әлеуметтік төлемнің мөлшері ұлғайтылды.

«ҚР Үкіметінің 17.11.2021 ж. № 820 қаулысына сәйкес, сатып алу қабілетін сақтау мақсатында ағымдағы жылғы 1 қаңтардан бастап еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда (75 130 алушы) және асыраушысынан айырылған жағдайда (52 096 алушы) МӘСҚ-тан төленетін ай сайынғы әлеуметтік төлемдердің мөлшері 5%-ға артты», - делінген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хабарламасында.

Бұл төлемдер ұзақ мерзімді болып саналады, өйткені олар бірнеше жыл бойы төленуі мүмкін: еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда – адам еңбекке қабілеттілігін қалпына келтірмейінше не зейнеткерлік жасқа жеткенше; асыраушысынан айырылған жағдайда – балаларға кәмелетке толғанға дейін және күндізгі оқу нысанының студенттеріне 23 жасқа дейін жүзеге асырылады.

Айта кету керек, жоғарыда аталған төлемдерді алушылар бюджет қаражаты есебінен осындай мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды да алады.