"Қиналып кеттім деп көп айтатын" - Маңғыстауда қаза тапқан сарбаздың жақындары

Сырым Қаржас
Коллаж: ulysmedia.kz

Маңғыстау облысындағы Үстірт шекара қызметінде борышын өтеп жүрген 20 жастағы сарбаз Еркебұлан Сағындық қаза тапты. Әскери бөлім өкілдері оның жанармай иісінен уланғанын айтқан. Алайда қара жамылған отбасы бұл нұсқаға сенбей отыр. Себебі Еркебұлан соңғы күндері жиі хабарласып, қиналып жүргенін және басқа бөлімге ауысқысы келетінін айтып жүрген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

– Сенбі күні сөйлескенде, «мама, басқа бөлімге ауысуға мүмкіндік бар ма?» деді. «Неге, бес ай қалғанда тыныштық па?» десем, «Жарайды, мама» деді. Ол спортпен айналысатын, дені сау бала еді. Бензиннен уланды дейді – ол қалай болуы үмкін? – дейді марқұмның анасы Гүлназ Жұмабаева Информбюро31-ге.

“ҚИНАЛЫП КЕТТІМ”

Еркебұлан Сағындық үйленемін деп жүрген қалыңдығына үнемі жазып тұрған. Хаттарында ол Үстірттегі жағдайдың ауыр екенін, сарбаздарға ешқандай жағдай жасалмағанын айтып шағымданған. Қызы Ақниет Мұқанның айтуынша, Еркебұлан жиі 15–20 мың теңге көлемінде ақша сұраған, кейде бұзылған қозғалтқышты жөндету үшін қаражат аударуды өтінген.

– Менімен жазысқан хаттары әлі бар. «Моторды жөндету керек, ақша табылды ма?» деп жиі жазатын. Үстірт – айдалада, маңайында дүкен де жоқ. «Қиналып кеттім» деп көп айтатын, – дейді ол.

ТЕРГЕУ БАСТАЛДЫ, БІРАҚ РЕСМИ АҚПАРАТ АЗ

Ұлттық қауіпсіздік комитеті сарбаздың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

– Алдын ала мәлімет бойынша, қасіреттің себебі техникалық жұмыстар кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамау болып табылады. Полиция қылмыстық іс қозғады, қосымша қызметтік тексеріс жүріп жатыр, – делінген ҰҚК Шекара қызметінің ресми хабарламасында.

Алайда отбасы өкілдері тергеу әділ өтсін, кінәлілер жазасын алсын деп отыр.

ҮЙДІҢ КЕНЖЕСІ ЕДІ

Еркебұлан Сағындық – әкесінен ерте айырылған, үйдің кенжесі. Ол медициналық колледжде оқыған, әскерден кейін үйленуді жоспарлаған. Бірақ сол арманына жете алмады.

БҰҒАН ДЕЙІН 

Еске салайық, 18 қыркүйекте әскерде тағы трагедия болды. Мәтібұлақ ауылында орналасқан №01098 әскери бөлімінде 19 жастағы мерзімді қызметтегі сарбаз Дінмұхаммед Шынарбек өлі табылды. 

Сонымен қатар, Жетісу облысында тағы бір сарбаз қаза тапты. Ал Алматыда мерзімді әскери қызметтегі сарбаз көпқабатты үйден секіріп кетті. Ол ауруханада ем қабылдап жатыр. 

Алматы қаласында жас сарбаз Нұрасыл 2025 жылдың күзінде әскерге шақырылып, бар болғаны бір апта өткен соң қаза тапты.