«Өлгендер тізімінде бар, мәйіті жоқ»: Ресейге жұмысқа кетіп, соғыста қаза болған Қазақстан азаматтарының оқиғасы

Есдәулет Қызырбекұлы
ulysmedia коллажы

Жақында Украиналық «Хочу жить» жобасы Украинада Ресей әскері қатарында соғысып, қаза болды деген қазақстандықтардың тізімін жариялады. Ulysmedia тілшісі бүгін сол тізімде аты аталған адамдардың туыстарымен тілдесіп, жағдайдың жай-жапсарын анықтап көрді.

«Минаға түсті деген мәлімет келді»

«Хочу жить» жобасы соғыста жүріп қаза болған немесе із-түссіз жоғалған 270 адамның ішінде 1995 жылғы Шымкент тұрғыны Зайниддин Саттарқұловтың да есімі бар. «Хочу жить» дерегіне қарағанда, ол Ресей армиясының №72 мотоатқыштар бригадасында болған. Биыл 22 ақпанда қаза болған.

Зайниддиннің қарындасы Шахзада Саттарқұлованың сөзінше, ағасы былтыр желтоқсанда Ресейге жұмыс істеуге кеткен. Отбасымен соңғы рет биыл қаңтарда хабарласқан. Кейіннен байланыс үзілген.

«Бізге 18 қаңтарда телеграмда бейтаныс ресейлік нөмірден хабарласты. Зайниддин минаға түсті. Зайниддин паршаланып кетті деген мәлімет келген. Содан кейін менің әкем Ресейге барып, өтініш тастаған. Бір айдан соң ағамның із-түссіз жоғалғаны туралы біздің үйге хат келген», – дейді ол.

Шахзада Саттарқұлованың сөзінше, Зайниддин соғысқа кетіп бара жатқаны туралы айтқан.

«Видеомен сөйлескенде келісімшартқа қол қойдым. Соғысқа кетіп жатырмын деген сөзді айтқан», – дейді ол.

Қазақстан заңы бойынша, өзге елде соғысқан азаматтар «жалдамалы әскер қатарына қосылу», «шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу» баптары бойынша жауапқа тартылады. Ол бойынша 9 жылдан 12 жылға дейін түрме жазасына кесіліп, мүлкі тәркіленеді.

«Күтуден басқа амалымыз қалмады»

Шахзаданың айтуынша, «із-түссіз жоғалды» деген хабар келгеннен кейін, Ресей тарапы туыстарынан ДНК қорытындысын сұратқан. Олар оны жіберген. Бірақ Зайниддиннің қаза болғаны туралы әлі күнге дейін ешқандай хат келмеген.

«Егер өлген болса бізге хат келуі керек деп күтіп отырмыз. Күтуден басқа амалымыз болмай қалды», – дейді Шахзада.

«Қасымда болса жібермес едім»

«Хочу жить» тізіміндегі тағы бір қазақстандық Сүндет Пернебектің анасы Айнұр Тасболатованың сөзінше, ұлы Ресейге жұмыс істеуге былтыр шілдеде кеткен. Бастапқыда шұжық шығаратын цехте, кейіннен машина зауытында жұмыс істеген. Отбасымен хабарласып тұрған.

«Қаңтарда хабарласып: «Мама, мен ақшасы көптеу жұмысқа кетіп жатырмын. Бірақ ол жақта сеть ұстамайды екен. Уайымдамаңыз, бәрі жақсы болады» деді», – дейді ол.

Айнұр Тасболатова «Хочу жить» жобасы жариялаған тізімнен ұлымның аты-жөнін көріп есімізден танып қала жаздадық дейді. Сөзінше, Сүндет Ресейде жұмыс істеп, тойына ақша жинап жүрген. Анасының несиесін төлеуге де көмектесіп тұрған.

«Астанада жұмыс істеп жүрген. Содан «Мама, мен Ресейге кетіп жатырмын. Билет алып қойдым» деді. Мен қасымда болса жібермес едім ғой», – дейді Айнұр Тасболатова.

«Елшіліктен хабар күтіп отырмыз»

Айнұр Тасболатова ұлынан хабар үзілгеннен кейін Ресейдегі Қазақстан елшілігіне хабарласқан. Ол жердегілер «Сүндет Пернебек Украинадағы соғыста жоқ» деген хабар берген. «Хочу жить» жобасының тізімі шыққаннан кейін елшілікке қайтадан хабарласқан.

«Олар Қазақстан сыртқы істер министрлігіне де, Украина сыртқы істер министрлігіне де хат жолдадым деді. Хабар келсе, сізге айтамын деді», – дейді ол.

Сүндет Пернебектің отбасы оның мәйітін көрмесе де, жаназа намазын оқып, жетісін берген.

«Соғыста қаза болған қазақстандықтар»

«Хочу жить» жобасы жарияланған қаза болған қазақстандықтардың ең жасы –Андрей Богомолов, 2005 жылы туған. Ол 19 жасында қаза болған. Ең үлкені – 254-мотоатқыштар полкінің мүшесі 64 жастағы Александр Ялфимов.

Қазақстан билігі әзірге бұл тізімге реакция білдірмеді. Ресей қатарында соғысып жатқан қазақстандықтар туралы ақпарат алғаш рет тарағанда Қазақстан ішкі істер министрлігі «деректерді тексеру керектігін» айтқан. Кейіннен Қазақстанның Украинадағы консулы Бауыржан Бегалимов

Украинаның әскери тұтқындармен қарым-қатынас мәселелері жөніндегі штаб өкілдерімен кездескен. Кездесу барысында дипломат украин жағына Қазақстанда ақпараттық-түсіндіру шаралары күшейгенін, әрбір жағдай бойынша тергеу басталғанын хабарлаған.

Биыл шілдеде «Хочу жить» жобасы 2025 жылдың алты айында 529 Қазақстан азаматы Украинадағы соғысқа қатысу үшін Ресей қарулы күштерімен келісімшарт жасасқаны туралы хабарлаған.