Мектеп дауы: әкімдік пен ата-аналар тағы да келісімге келе алмады

Есдәулет Қызырбекұлы
ulysmedia.kz коллажы

31 қазанда №224 мектепті қазақ тілінде ашуды талап еткен ата-аналар мен белсенділер Алматы әкімдігіне тағы барды. Бұған дейін олар 3 қарашадан бастап ашылатын мектептің жарғысын көрсетуді талап еткен. Ата-аналарды бүгін де қалалық білім басқармасының басшысы Сайран Тәпенұлы мен ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Есенбеков қабылдады. Бірақ тағы да мардымды жауап бере алмады. Ата-аналар талаптары орындалмаған жағдайда митингке шығып, әкімдікті сотқа беретіндерін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.

Дауға ұласқан білім басқармасы басшысының сөзі

Алматы әкімдігіне отыздан астам ата-ана мен белсенді жиналды. Ата-аналардың кейбірі жиынға заңгерлерін ерте келген. Жиын тағы да даумен басталды. Білім басқармасының басшысы Сайран Тәпенұлы жарғыда №224 мектеп қазақ тілінде болады деп жазылғанын айтты. Бірақ мектеп орналасқан шағын аудан тұрғындарынан өтініш түссе аралас мектеп болуы да мүмкін деді. Оның бұл сөзі дауға ұласты.

«№224 мектепке бір мың екі ата-ана өтінішін берді. Осы мектепке қабылдаңыз деп. Бірақ сіздер білесіздер, мектепке қабылдаған кезде оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес, бірінші шағын аудан балалары қабылданады. Одан кейін, бос орын болған жағдайда толып кеткен мектептерді ауыстыру қарастырылады және басқа ата-аналардың өтініштері қарастырылады. Мың екі баланың жеті жүз жетпіс тоғызы қазақ тілінде білім алуға ұсыныс берді. Екі жүз жиырма үш ата-ана орыс тілінде деп айтқан екен. Шағын аудан талабына сәйкес, мың баланың алты жүз отыз үші шағын ауданға жатады. Қабылдау керек, міндетті түрде заңға сәйкес. Осы алты жүз отыз үш баланың алты жүз он бірін қазақ сыныптарына қабылдау шешілді», – деді ол.

Сайран Тәпенұлының сөзінше, екінші тоқсаннан бастап (3 қарашадан) №224 мектеп қазақ тілінде жұмысын бастайды. Қазір қазақ тілінде білім беретін мұғалімдер қабылданған. Орыс тілінде сабақ беретін ұстаздардан әзірге ешқандай арыз түспеген.

«Таза қазақ мектебін ашып беруге қандай кедергі бар?»

Ата-аналар білім басқармасы басшысының бұл сөзіне қарсылық білдірді. Олар «егер әу баста мектеп жарғысында білім беру жүйесі қазақ тілінде деп жазылса, ол неге аралас болуы керек?» деді. Сайран Тәпенұлы «жарғы ата-аналардың сұранысына қарай өзгере береді» деп жауап берді.

«Ол жерде жалғыз №140 мектеп ғана бар. Біз ол мектепке бардық. Бірақ үйіміз ол мектепке жатпайды. Директорына жалынып жүріп баламызды сол мектепке бердік. Жеті жылдан кейін толықтай орыс мектеп болған №94 мектептен екі қазақ сыныбы ашылды... Біз қуанып сол мектепке балаларымызды бердік. Бірақ мен сізге айтайын, наурыз мейрамы ол жерде мүлде тойланбайды. Бірінші қыркүйекте болатын шараның барлығы тек орыс тілінде болады. Ол жерде орыс завучтары сөйлейді. Бүкіл мерекенің барлығы орыстардың мерекелері болады. Біз ол жерде өзімізді қазақ ретінде сезініп жатқан жоқпыз. Сондықтан да менің жүрегім аурады. Біздің ауданда қаншама орыс мектебі бар... №65, №22, №94 мектеп бар. Қазақ мектептеріне сұраныс болғандықтан сіздер сол жерлерге қазақ сыныптарын ашып отырсыздар. Ол жеті жыл бұрын ғана іске асырылған нәрсе. Біздің ауданымызға таза қазақ мектебін ашып беруге қандай кедергі бар?», – деді ата-аналардың бірі Эльмира Әбдуәлиева.

«Бейбіт шеру өткіземіз»

Өзін ата-аналардың бірі ­– Айнара Нұрдиннің заңды өкілімін деп таныстырған Сәбитхан Сәрсенбаев білім басқармасы қоғамды қолдан бір-біріне қарсы қойып отыр деді. Ол Айнара Нұрдинмен бірге №224 мектепті қазақ тілінде ашуды талап етіп, митинг өткізетіндерін ескертіп әкімдікке өтініш түсіргенін айтты.

«Айнара Нұрдиннің өтініші бойынша, осы мектептің мәселесімен, мәслихаттың шешіміне сәйкес, бейбіт шеруге 100 адам шығады деп әкімге арыз жаздым. Регламентін жаздық, хабарландыруын жаздық... Егер ішкі саясат біздің өтінішімізді қабылдаудан бас тартса, амал жоқ біз соттасамыз», – деді Сәбитхан Сәрсенбаев.

«Талап орындалмаған жағдайда әкімдікті сотқа береміз»

«Бүгін де әкімдіктен нақты жауап ала алмадық» деді кездесуден кейін Ulysmedia тілшісі сөйлескен ата-аналардың бірі. Ол талабымыз орындалмайынша күресімізді тоқтатпаймыз деді.

«Қазақ тілінде болады деген жарғы шығып тұрса да, аралас болады деп өздері алауыздық туғызып отыр. Біз жанымыздағы орыс тілді көршімізбен сөйлесуден қалдық. Өздері қолдан ажиотаж жасап отырсыздар. Енді біз көршілер чатында да бір-бірімізбен қырылып отырмыз», – деді Лаура Өтеленова.

Заңгер Мейірман Шекеевтың сөзінше,  аралас мектеп дауы заңның шикілігінен туған. Ол алдағы уақытта ата-аналардың қолын жинап, әкімдікке тапсыратынын айтты. «Талап орындалмаған жағдайда әкімдікті сотқа береміз» деді.

№224 мектеп төңірегіндегі дау осыдан екі апта бұрын басталған. Мектеп орналасқан шағын аудан тұрғындарының бірі қазақ тілінде білім алуды қолдаса, енді бірі орыс тілінде (аралас) болуын қолдаған. Қазақ тілін қолдаған ата-аналар мектеп жарғысында әу баста қазақ тілі деп жазылғанын алға тартқан.

Дау болған №224 мектеп 2500 оқушыға арналған. «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша салынған. Бұл бағдарлама бойынша  2024-2025 жылдары барлығы 740 мың оқушыға арналған 369 мектеп салу жоспарланған.

№224 мектеп орналасқан Бостандық ауданында барлығы 34 мектеп бар. Оның 9-ы қазақ, 10-ы орыс, 15-і аралас мектеп.

Жалпы, 2024 жылғы ресми мәлімет бойынша, Алматыда 215 мемлекеттік мектеп бар: 77-і қазақ тілінде, 57-і - орыс тілінде, 78 мектеп аралас және 3 мектеп ұйғыр тілінде оқытады. Қалада 300 мыңнан астам оқушы бар.