Жарық 919 рет өшкен: Тоқаев Бозымбаев пен Сұлтанғазиевтің қателерін бетіне басты

Ulysmedia
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөнінде  кеңес өткізді. Жиында жаңа экономикалық және технологиялық орталық құру жоспарлары талқыланғанымен, Президент өңірдегі негізгі инфрақұрылымның жағдайына ерекше назар аударды. Мемлекет басшысы ауыз су, электр энергиясы, жол және интернет желісі мәселелерінің әлі күнге дейін шешілмегенін айтып, мұны Үкімет пен Алматы облысы басшылығы жіберген олқылық ретінде бағалады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Арнайы ережелері бар қала

Алатау қаласын құру туралы шешім екі жыл бұрын ұзақмерзімді стратегиялық жоба ретінде қабылданған. Бұл қала үшін арнайы конституциялық заң әзірленіп, онда ерекше құқықтық режим, салықтық жеңілдіктер және бизнес үшін жеңілдетілген шарттар қарастырылған.

Тоқаев Алатауды «жедел дамитын қала» деп атап, алайда арнайы мәртебенің өзі автоматты түрде табысқа кепілдік бермейтінін баса айтты.

«Тарихта арнайы экономикалық аймақтардың күткен нәтижеге жете алмаған көптеген мысалдары бар. Сапалы институттардың болмауы, ашықтық пен болжамдылықтың жеткіліксіздігі, сондай-ақ реттеуші дербестіктің жоқтығы көптеген жобалардың сәтсіз аяқталуына әкелді. Осы жағдайдан дұрыс қорытынды жасау маңызды», – деді Президент.

Мемлекет басшысы бір жылдың ішінде жаңа қаланың жұмыс істеуіне қажет негізгі нормативтік құжаттарды әзірлеуді тапсырды. Оның айтуынша, процестің созылуы инвесторлардың кетуіне әкелуі мүмкін.

Қонаевтағы инфрақұрылым құрылысы өте баяу жүргізіліп жатыр

Алатау қаласын дамытуға арналған жиында Президен Қонаев қаласының дамуына да қатысты сын айтты.

«Алайда, бір олқылыққа назар аударғым келеді. Қонаев қаласындағы инфрақұрылым құрылысы өте баяу жүргізіліп жатыр. «Баяғы жартас – сол жартас», қаланың келбеті – өзгеріссіз күйде. Бұл қалада шұғыл түрде театр, стадион, әкімшілік ғимараттары мен мектептер салу керек. Онсыз Алматы облысы өз аяғына тұрып кете алмайды. Облыс басшылығы осы өзекті мәселелерге баса назар аударуы қажет», - деді Президент.

Тоқаев Алатауда өмір сүруге жағдай жоқ екенін айтты

Президенттің айтуынша, Alatau Smart-City салу міндеттері мен өңірдегі нақты әлеуметтік-экономикалық жағдай арасында қарама-қайшылық айқын байқалады.
 

«Қалаға қосылған елді мекендердің (Жетіген, Қоянқұс және тағы басқалар) тұрғындары тұрмысқа қажетті қарапайым жағдайдың жасалмағанын айтады. Электрдің жиі өшуіне қатысты арыз-шағымның көптігін былай қойғанда, тұрақты интернеттің, сапалы жолдың, орталықтандырылған судың жоқтығын алға тартады.  Мұндай проблемалар облыстың барлық аумағында бар. Мәселен, 2025 жылы электр желісінің тозуы 70 пайызға жуықтап, соның салдарынан электр қуатының өшірілуі 919 рет, ал жыл басынан бері 201 мәрте тіркелген»,  - деді ол . 

Тоқаевтың айтуынша, қаланың жаңа аудандарында инженерлік коммуникация тарту жұмыстары әлі күнге дейін жобалау сатысында қалып отыр. Үш қосалқы станцияны жөндеу және су алу қондырғысының қуатын арттыру жобалары белгіленген кестеден кешігуде.
 

«Alatau Smart-City салу міндеттері мен өңірдегі нақты әлеуметтік-экономикалық жағдай арасында қарама-қайшылық айқын байқалады. Мұны ашық айтайық. Бұл жағдайды Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың, сонымен қатар, әкім Марат Сұлтанғазиевтің тарапынан жіберілген олқылық деп санаймын»,  - деді ол.