«Алауыздық қоздыру»: Қытай туын өртеген белсенділердің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Есдәулет Қызырбекұлы
ulysmedia.kz коллажы

Қытай туы мен Қытай коммунистік партиясының төрағасы Си Цзиньпиннің суретін өртеген 18 адамның үстінен «алауыздық қоздыру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұған дейін тіркелмеген «Нағыз Атажұрт» партиясының белсенділері Алматы облысының Ұйғыр ауданында наразылық акциясын өткізген болатын, деп хабарлайды Ulysmedia.

«Ешқандай қылмыстық құрам жоқ»

21 қарашада Алматы облысы Ұйғыр аудандық соты 18 адамға бұлтартпау шарасын қолдануға шешім шығарған. Ол бойынша 13 адам тергеу изоляторына қамалып, 5 адам үйқамаққа алынған.

Адвокат Шынқуат Байжановтың Ulysmedia-ға айтуынша, қамалғандардың іс-әрекетіне байланысты ешқандай сараптама жасалмаған, жауап та алынбаған.

«Сараптама болмаған. Әкімшілік құқық бұзушылықпен барлығын 10-15 тәулікке қамады ғой. Сол уақытта олардан жауап та алмаған. 174-баптың 2-тармағымен қылмыстық іс қозғаған», – деді ол.

Шынқуат Байжанов өзге елдің туын өртегені үшін «алауыздық қоздыру» бабымен іс қозғау сот практикасында болмаған дейді. Ол бұл істің саяси астары бар деп есептейді.

«Бұлар [мәселелерін] шығып айтады, жазады, бірақ ешкім тыңдамайды. Сосын не істейді? Өздеріне көңілін аудару үшін осындай саяси акт жасаған. Бұндай саяси актіні барлық жерде жасайды ғой енді. АҚШ-та, Палестинада, Грузияда да өртеп жатыр туды. Олардың барлығы саяси акт. Ол жерде ешқандай қылмыстық құрам жоқ. 174-баптың ішінде «көрші мемлекеттің жалауын өртеді» деген сөз жоқ қой ол жерде», – деді адвокат.

Шынқуат Байжанов қазір тиісті органдарға өтінішхат пен шағым жазып жатқанын айтты. Сөзінше, қамалған белсенділермен әлі кездесіп үлгермеген.

Қылмыстық іс және сот санкциясы

Сотқа түскен іс материалында Ұйғыр аудандық полиция бөлімінің тергеушісі М. Оразғазиев «Қытай туы мен басшысының суретін өртеген» адамдардың іс-әрекетін 174-баптың 2-бөлігінде көрсетілген ауыр дәрежелі қылмыс санатына жатқызып, олардың әрекетін саралау туралы қаулы шығарғанға дейін 10 күнге қамауда ұстауға санкция беруді сұраған. Оның бұл өтінішін аудандық прокурор қолдап, судья Бауыржан Жақсыбаев қанағаттандырған.

«2025 жылғы 13 қараша күні сағат 14:15 шамасында Ұйғыр ауданы аумағында (Қалжат өткізу пунктіне жетпей тұратын жолайрықта) тіркелмеген «Нағыз Атажұрт еріктілері» қозғалысының 19 жақтаушысының жиналғаны анықталған. Олар ҚХР басшысының суреті мен туын өртеп, ҚХР билігінің ҚР азаматы Ә.Тұрғанбайды ұстауына байланысты наразылықтарын білдірген», – деп жазған сотқа түскен іс материалында тергеушілер.

Сот санкциясымен Нұрданқазы Марғұлан, Беделхан Қабіләшім, Бейсенәлі Ақжігіт,⁠⁠ Тұрдыбай Қанат, Нұркелді Нұрсапа, ⁠Ерғали Нұрлыбаев, Ербол ⁠Нұрлыбаев,⁠ Еркінбек Нұрақын, Бақытнұр ⁠Нұрмұқан, ⁠Байқазы Батылбек, ⁠Тұрсынбек Қаби он күнге уақытша ұстау изоляторына қамалған. Ал Бақытжан Шұғыл, Гүлнар Шаймұрат, Гүлдария Шеризат, Нәзигүл Мақсұтхан мен тағы бір адам үймақаққа алынған.

Наразылық акциясы

13 қарашада Алматы облысының Ұйғыр ауданында Қытай шекарасына жақын аумақта тіркелмеген «Нағыз Атажұрт» белсенділері мен биыл шілдеде Қытайға жүк көлігін айдап барып, ұсталған Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбайдың туыстары оны босатуды талап етіп, наразылық акциясын өткізген. Олар Қытай туы мен басшысы Си Цзиньпиннің суретін өртеген.

Наразылық акциясынан кейін сот шешімімен Бекзат Мақсұтқан-15, Марғұлан Нұрданғазы -10, Беледхан Қабыләшім -7, Бейсенәлі Ақжігіт -7, ҚанатТұрдыбай -10, Бақытнұр Нұрмұхан - 7, Батылбек Байғазы -7, Тұрсынбек Қаби -15, Еркінбек Нұрақын -7, Ербол Нұрлыбаев -15, Ерғали Нұрлыбай -7, Нұргелді Нұрсапа -7 тәулікке әкімшілік қамауға алынған. Олардың барлығы әртүрлі аудандарға жіберілген.  Тағы алты адамға 20 АЕК (78 640 теңге) айыппұл салынған.

Әлімнұр Тұрғанбайдың оқиғасы

48 жастағы Әлімнұр Тұрғанбай 23 шілдеде Қытайға жүк көлігін айдап өтіп, шекарада ұсталған. Сол уақытта оның әйелі Гүлдәрия Шерзат Қазақстанның Қытайдағы елшілігіне шағымданған. Әлімнұрдың оқиғасы туралы Ulysmedia бірнеше рет жазған. 

Қазақстанның Пекиндегі елшілігі Әлімнұр Тұрғанбайдың ұсталуына байланысты Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданының сыртқы істер басқармасына, қоғамдық қауіпсіздік мекемесіне, Іле-Қазақ автономиялық облысының сыртқы істер басқармасы мен шекара және көші-қон мекемесіне хат жолдаған.

Тамызда Қытай тарапы Әлімнұр Тұрғанбайдың ұсталғанын растаған. Қытай жағының Қазақстан билігіне жолдаған жауабында Әлімнұр Тұрғанбайдың әлі де Қытай азаматы екені, Қытайда қос азаматтық жоқ екенін айтқан.

Сол уақытта Қазақстанның Қытайдағы консулдығының Гүлдәрия Шерзатқа берген жауабында:

«Қытайлық тараппен өткізілген тиісті келіссөздің нәтижелері бойынша 2025 жылдың 11 тамызында Қытай қоғамдық қауіпсіздік министрлігі халықаралық ынтымақтастық басқармасы Қытайдың «Азаматтық туралы» заңының ережелеріне сәйкес, Әлімнұр Тұрғанбай Қытай азаматтығынан шығуға рұқсат алмағанын және Қытай азаматтығынан автоматты түрде айырылу шарттарына сәйкес келмейтінін хабарлады. Осыған байланысты ол әлі күнге дейін ҚХР азаматы мәртебесін сақтап отырғанын жеткізіп, Қытайда қос азаматтық танылмайтындығын атап өткенін жеткіземіз», – деп жазылған.

Әлімнұр Тұрғанбай Қазақстанға отбасымен бірге 2016 жылы көшіп келген. Үш қызы бар. Өзі де, балалары мен әйелі де 2017 жылдан бері Қазақстан азаматы.

Қытайдағы қысым

Адам құқықтарын қорғайтын Human Rights Watch ұйымының дерегінше, 2017-21 жылдар аралығында Шыңжаңда 540 мыңнан астам адам сотталған.

БҰҰ-ның 2018 жылғы есебінде Қытай үкіметі Шыңжаңда бір миллиондай ұйғыр, қазақ, қырғыз, өзбек және басқа да мұсылман адамдарды «қайта тәрбиелеу лагерьлеріне» жапқанын айтқан. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Батыс елдері Шыңжаңда аз ұлттардың құқығын аяқ асты ететін саясат жүріп жатыр деп Қытай билігін сынаған. Ресми Пекин бұл айыптауларды жоққа шығарып, оны «экстремизммен күрес», ал ұсталғандар қамалған лагерьлерді «кәсіпке баулитын орталық» деп атаған.

Қазақстан реакциясы

Қытай — Қазақстанның ең ірі экономикалық серіктесінің бірі. Кейінгі жылдары Астана мен Пекин арасындағы саяси-экономикалық әріптестік күшейіп келеді. Қазақстандық және шетелдік саясаттанушылар «Қазақ-қытай қатынасында Пекиннің ықпалы басым, Астананы шығыстағы алып мемлекет өзіне кіріптар етіп ұстағысы келеді» деп есептейді. Қазақстан билігі мен елдегі мемлекеттік басылымдар Шыңжаңда қысым көрген қазақтар тақырыбын қозғамауға тырысады. Астана оны «Қытайдың ішкі ісі» деп атаған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы желтоқсанда «Неміс толқыны» арнасына берген сұхбатында «Шыңжаңда қазақ ұлтының өкілдері қысым көріп жатыр деген ақпараттың көбі шындыққа жанаспайды. Қазақстан геосаяси текетірестің ойын алаңына айналмауға тиіс»деген.