«Дайын сұрақ пен дайын жауап». Қазақстан парламенті сценарий бойынша жұмыс істей ме?

Есдәулет Қызырбекұлы
ulysmedia.kz коллажы

«Қазақстан халық партиясының» бұрынғы мүшесі, парламент мәжілісінің экс-депутаты Гауһар Танашева «Азаттық» радиосына берген сұхбатында мәжілісте цензура барын айтты. Оның сөзінше, билікке ыңғайсыз сұрақ қойғаны үшін мандатынан айырылған, парламентте депутаттарға дайын сұрақ, министрлерге дайын жауап беріледі.

Экс-депутат Гауһар Танашаева. Фото: Мәжіліс

«Дайын сұрақ пен дайын жауап»

«Мәжілісте барлығы сценарий бойынша өтеді. Үкімет сағаты, кім сөйлеу керек, қанша адам сұрақ қояды, сұрақтардың барлығын дайындап қояды. Сіз министр болсаңыз, сізге жауабын береді. Мен депутатпын, маған сұрағын береді. Мен сұрақ беремін. Сіз жауабын бересіз. Сонымен, жақсы, керемет отырыс болып өтеді барлығы», – деді Танашева.

Осыған байланысты Ulysmedia «мәжілісте цензура бар ма?» және «жиындар сценарий бойынша өте ме?» деген сұрақтарға жауап іздеп көрді.  

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова. Фото: Мәжіліс

«Сценарий мен цензура жоқ»

«Қазақстан халық партиясының» депутаты Ирина Смирнова экс-әріптесі Гауһар Танашеваның сұхбатын көрмегенін айтты. Бірақ мәжілістің белгілеп қойған сценарий бойынша жұмыс істейтінін жоққа шығарды.

«Менде ешқандай сценарий жоқ. Өзім қалай жұмыс істегім келеді, солай жұмыс істеймін. Егер Гауһар солай деп айтса, онда оның өзінде сондай болған шығар. Барлық кезде ыңғайлы бола бермейді. Барлығына ұнай бермейді», – деді Ирина Смирнова.

Мәжіліс вице-спикері Альберт Рау да «Азаттық» радиосына «депутаттар сауалына цензура жасалмайды» деген. Ол мәжілісте қойылатын сұрақтар регламентті анықтау үшін ғана алдын ала жиналатынын айтқан.

Саясаткер Серік Әбдірахманов. Фото: Ашық дереккөзден

«Жасанды парламент»

Әр жылдары жоғары кеңесте, кейіннен парламент мәжілісінде депутат болған саясаткер Серік Әбдірахманов мәжіліс белгіленген сценарий бойынша жұмыс істейді деген мәселе жаңалық емес дейді. Оның сөзінше, 1995 жылдан бері Қазақстанда әділ сайлау өтіп көрмеген. Сол себепті де депутаттар ол жерге өздерінің қалай барғанын біледі.

«Жаңалық ашатын емес. Сайлауды қалай жеңді? Мандатты қалай алды? Ұмытып қалған ғой ол депутат [Гаухар Танашева]. Бәрі жасанды ғой. Мұғалімдер етегінен шығарған бюллетеньмен депутат болып келді. Оған келісті. Сайлау деген Қазақстанда жоқ. 1995 жылдан бері таза сайлау жоқ. Сол себепті бұған таң қалатын ешнәрсесі жоқ. 1995 жылы біз парламенттен айырылғанбыз», – дейді ол.

Серік Әбдірахмановтың сөзінше, қазір депутаттарды былай қойғанда, министр, әкімдер өздігінен халықтың алдына шығып сөйлей алмайтын деңгейге жеткен.

«Министрлер елдің алдына шығып сөйлей алмайды. Депутаттар ел алдына шыға алмайды. Прокурор журналистерден қашады. Министр, генералдар деген балалары әскерде қаза болған аналар келсе алдына ыржың-ыржың етіп күледі. Сол себепті бұның барлығы жасанды дүние», – дейді Серік Әбдірахманов.

Жалпы, Қазақстан тарихында партия мен парламенттен кетіп, депутаттық мандатынан айырылған адамдар бұған дейін де болған. 2000 жылдардың басында кәсіпкер Болат Әбілов ішкі цензура мен қысымды санағаннан кейін депутаттық мандатынан айырылып, «Отан» партиясынан шығарылған. Ұзақ жыл билікте болып, кейіннен оппозицияға өткен саясаткер Жармахан Тұяқбай да жүйені сынап, қызметінен кеткен. Осы сияқты «НұрОтан» партиясының мүшесі, мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев та 2020 жылы Қазақстанда мерзімінен бұрын мәжіліс сайлауы өтер алдында оппозициялық партия құратынын мәлімдеген. Кейіннен партиядан шығарылып, мандатынан айырылған. 2023 жылы «аса ірі көлемде пара алды» деген айыппен 10 жылға сотталды.

Қаңтар оқиғасынан кейінгі «функционерлердің» орын алмасуы

2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін парламент мәжілісінің төрағасы ауысты. Сол уақытқа дейін президент әкімшілігін басқарып келген Ерлан Қошанов «өз өтініші бойынша»депутаттық өкілетін мерзімінен бұрын доғарған Нұрлан Нығматулиннің орнына спикер болып сайланды. 

2021 жылы Forbes басылымы елдегі ең ықпалды 50 бизнесменнің тізіміне енгізген Нұрлан Нығматулин кейінгі он жылда мәжіліс төрағалығына үш мәрте сайланды. Алғаш рет 2012 жылы қаңтарда сайланып, 2014 жылдың сәуірінде президент әкімшілігі жетекшісі қызметіне ауысқанға дейін отырды. Сол жылы күзде мемлекеттік хатшы болып тағайындалды. Кейін 2016 жылғы 22 маусымда және 2021 жылғы 15 қаңтарда мәжіліс төрағасы болып екі рет сайланды. 2019 жылдан бастап «Нұр Отан» партиясының мәжілістегі фракциясын басқарды. Нығматулин экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серіктерінің бірі болды.

Мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулин. Фото: 365info.kz / Ж. Куспанов

Нұрлан Нығматулин сияқты, Қошанов та Совет одағы тарағанға дейін комсомол ұйымында қызмет атқарған. Совет кезінде партия функционерінің отбасында өмірге келген Ерлан Қошановтың ресми өмірбаянында политехника институтын тәмамдағаннан кейін Жезқазған тау-кен және металлургия комбинатында слесарь, кейін Жезқазған облыстық комсомол комитетінде нұсқаушы болып істегендігі жазылған. Совет одағы тараған соң Жезқазған облыстық сыртқы экономикалық байланыстар комитеті төрағасы болып қызмет атқарған.

1995 жылы Ерлан Қошанов парламент сенаты депутаты болып сайланды, 1999 жылы үкіметтің парламенттегі өкілі болып істеді. 2000 жылдары үкіметте бірқатар жауапты қызмет атқарды: премьер-министр кеңсесі жетекшісінің орынбасары, көлік және коммуникация министрінің орынбасары, осы министрлік құрамындағы азаматтық авиация комитетінің төрағасы болды.

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов. Фото: Sputnik / Абзал Калиев

2007 жылдан бастап Қошанов Қазақстан премьер-министрі кеңсесінде 10 жыл тапжылмай отырды: алғашында кеңсе жетекшісінің орынбасары, кейін кеңсе басшысы болып тағайындалды. Бір қызығы, Қошанов осы қызметтерде жүрген кезде Кәрім Мәсімов екі рет үкіметті басқарды (әуелі 2007 жылдан 2012 жылға дейін, кейін 2014-2016 жылдар аралығында).

Ерлан Қошанов та  мәжілістің үш шақырылымына (2011, 2016 және 2020 жыл) «Нұр Отан»партиясынан депутат болып сайланған. 2017-2019 жылдары аралығында Қарағанды облысының әкімі болды. Мамандығы бойынша инженер-механик.

Қазақстанда парламентке қатысты сын көп айтылады. Оппозиция мен азаматтық қоғам өкілдері билік парламентке өзіне ыңғайлы адамдар мен партияларды өткізу арқылы демократия мен саяси пікірталастың, плюрализмнің имитациясын жасап отыр деп сынайды. Билік елде «күшті президент, ықпалды парламент, есеп беретін үкімет» қағидасы жұмыс істейді дейді.