Оралдағы әскери бөлімде сарбаз қаза тапты: анасы ұлын өлтіріп кетті деп есептейді

Сырым Қаржас
Фото: "Ақ жайық"

Орал қаласындағы №5517 әскери бөлімде мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген Атырау облысы Балықшы кентінің тұрғыны Өмірбек Есбергенов 2024 жылдың сәуір айында қаза тапты. Марқұмның анасы Айна Есбергенова ұлының өліміне қатысты ресми нұсқамен келіспейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, 18 жастағы сарбаз қасақана өлтірілген, ал оқиғаның шынайы мән-жайы әдейі жасырылып отыр. Әйел өз басынан өткенін «Ақ Жайық» басылымына айтып берген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Ұлыммен күн ара сөйлесіп тұрдық»

Анасының айтуынша, Өмірбек әскери қызмет барысында онымен тұрақты байланыста болған, екеуі күнара сөйлесіп тұрған. Сондай-ақ ол жиі ақша жіберуді сұраған. Кейінірек ұлы ақшаны басқа адамдарға бергені белгілі болған

- Ақшаны әртүрлі адамдарға жіберіп отырдық. Көбіне ұлымнан алты ай бұрын әскерге келген Орынбаев Нұрмұхасанға аударғанбыз. Ұлым қайтыс болғаннан кейін оның шотын тексерсек, барлық ақша соған түскен. Кейін бұл қаражаттың әрі қарай командирлер мен сержанттарға берілгені анықталды. Бірақ тергеу бұған көз жұма қарады, — дейді Айна Есбергенова.

«Жүрегі тоқтап, қайтыс болды» деген хабар

Анасы 2024 жылғы 7 сәуірде ұлымен соңғы рет сөйлескенін айтады.

- Ал 9 сәуірде үйіме үш офицер келіп, ұлымның жүгіріс кезінде жүрегі тоқтап қалғанын айтты, — деп еске алады ол.

Сол күні Айна Есбергенова Оралға барып, ұлының мәйітін өзі алып кеткен. Оның айтуынша, мәйітханада баласының денесінен күш қолдану белгілерін байқаған.

«Денесінде соққы іздері болды»

- Оны киіндіріп қойған екен. Мен қайта шешуді талап еттім де, соққы іздерін өзім суретке түсіріп алдым. Денесінде көгерген жерлер, басында ісік, әр жерінде соққы белгілері болды. Бұл доғал затпен ұрған іздер, — дейді марқұмның анасы.

«Үш тәулік ұйықтатпай, соққыға жыққан»

Айна Есбергенованың сөзінше, кейін Өмірбек үш тәулік қатарынан ұйқысыз нарядта тұрғаны, ал төртінші күні қатты шаршағаннан ұйықтап кеткені белгілі болған. Анасының айтуынша, осы үшін оны командир соққыға жыққан. Бұдан бөлек, ұлына қызмет өтілі ұзақ солдат тарапынан да күш көрсетілген. Мұны марқұмның бірге қызмет еткен сарбазы айтып берген.

- Ұлым құлағаннан кейін шамамен 20 минуттай тірі болған. Бірақ оған ешқандай медициналық көмек көрсетілмеген. Оны бір жерден екінші жерге сүйрелеп жүрген. Дәрі де жоқ, дәрігер де болмаған. Өз әрекетсіздіктерімен өлтірді, — дейді ол.

Тергеу нұсқасы өзгермеген

Соған қарамастан, тергеудің ресми нұсқасы әлі күнге дейін «кенет болған өлім» деп көрсетіліп келеді. Анасының айтуынша, ұрып-соғу фактілері толықтай жоққа шығарылған.

- Ұлымның өліміне қатысы бар адамдар бүгінде бостандықта жүр. Олар тірі, ал менің балам жер астында. Бұл істің жабулы қазан күйінде қалғанын қаламаймын, — дейді Айна Есбергенова.

Аналар әділдік талап етті

Әділдікке қол жеткізе алмаған Айна Есбергенова әскерде қаза тапқан өзге сарбаздардың аналарының қатарында митингке шыққан. Олар әскери бөлімдердегі өлім-жітімді жасырмай, ашық тергеу жүргізуді, кінәлілерді жауапқа тартуды және армиядағы осындай жағдайларды тоқтатуды талап етіп отыр.