Нетаньяху биліктен кетуі мүмкін: Израиль президенті үкімет құруды тапсырды

Reuters

Израиль президенті Ицхак Герцог Гади Айзенкотты премьер-министр қызметіне үміткер ретінде таңдап, оған жаңа үкімет жасақтауды тапсырды. Мұндай шешім парламент сайлауынан кейін қабылданды. Өйткені сайлау қорытындысы бойынша бірде-бір саяси күш парламентте басымдыққа ие бола алмады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиғаның мән-жайы

27 қазанда өткен сайлауда қазіргі премьер-министр Биньямин Нетаньяху басқаратын «Ликуд» партиясы парламенттегі ең көп орынға ие болды. Алайда оның коалициясы көпшілік дауыстан айырылды.

Осыған байланысты президент үкімет құру мүмкіндігін алдымен Нетаньяхудың басты саяси қарсыласы, Израиль армиясы Бас штабының бұрынғы басшысы Гади Айзенкотқа беруді ұйғарды.

Айзенкоттың кандидатурасын араб партиялары да қолдады. Бұған дейін саясаткер олармен коалиция құрудан бас тартып келген еді. Ал араб партиялары үшін басты мақсат – Нетаньяху мен оның әсіре оңшыл одақтастарының билікте қалуына жол бермеу.

Нетаньяхуға дауыс жетпей тұр

Израильдің 120 орындық парламентінде «Ликуд» партиясы 27 мандатқа, ал Нетаньяху бастаған коалиция жалпы 53 орынға ие болды. Парламентте басымдыққа қол жеткізу үшін кемінде 61 мандат қажет.

Айзенкоттың «Яшар» партиясы 21 орын алды. Ал ол жетекшілік ететін төрт партияның бірлестігі 48 мандат иеленді. Тағы 19 орын екі араб партиясына бұйырды.

Осылайша әзірге Нетаньяхудың да, Айзенкоттың да өз бетінше үкімет құруға жеткілікті қолдауы жоқ.

Айзенкотқа 28 күн берілді

Енді бұрынғы әскербасы өзге партиялармен келіссөз жүргізіп, ортақ мәмілеге келуі керек. Оған үкімет жасақтау үшін 28 күн уақыт берілді. Қажет болған жағдайда бұл мерзім тағы екі аптаға ұзартылуы мүмкін.

Айзенкот араб депутаттарының қолдауына сүйенуге, ультраортодоксалды партиялармен келісуге немесе Нетаньяхумен бірігіп ұлттық бірлік үкіметін құруға талпынып көруі мүмкін.

Алайда сарапшылар бұл нұсқалардың жүзеге асу мүмкіндігін төмен бағалап отыр.

Саясаткердің өзі ұлттық төтенше жағдай үкіметін құру үшін бар күшін салатынын мәлімдеді.

Егер келіссөздер нәтиже бермесе, коалиция жасақтау мүмкіндігі басқа үміткерге беріледі. Ал одан кейінгі әрекеттер де сәтсіз аяқталса, Израильде қайта сайлау өткізуге тура келеді.

Гади Айзенкот деген кім?

66 жастағы Гади Айзенкот бұған дейін Израиль армиясының Бас штабын басқарған. Ол саясатқа 2022 жылы араласа бастады.

2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС Израильге шабуыл жасағаннан кейін Айзенкот Нетаньяхудың әскери кабинетіне кірді. Алайда кейін оппозиция қатарына қайта қосылды.

Айзенкот премьер-министрдің Газа секторындағы соғыс кезінде қабылдаған шешімдерін бірнеше рет сынап, онымен бір үкіметте жұмыс істемейтінін мәлімдеген.

Соғыс кезінде саясаткердің ұлы мен екі жиені қаза тапқан.

Сонымен қатар, Айзенкот израильдік қоныстанушылардың палестиналықтарға қарсы зорлық-зомбылығына қарсы шығып, Нетаньяхудың әсіре оңшыл одақтастары Итамар Бен-Гвир мен Бецалель Смотричтің әрекеттерін сынға алып келеді.