Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты екі қылмыстық іс қоғамда кең резонанс тудырды. Бірі Талдықорғандағы Айзат Жұманованың өлімі болса, енді бірі күйеуінің соққысынан тірі қалған Алтынай Нұрсолтанованың оқиғасы, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
32 жастағы Жетісу облысының тұрғыны Айзат Жұманованы күйеуі ұрып өлтіргені жөнінде биыл маусымда белгілі болған. Сол уақытта марқұмды күйеуі атқа сүйреп өлтірді деген ақпарат тараған. Оқиға Баласаз ауылында болған.
Бастапқыда іс қылмыстық кодекстің 106-бабы бойынша қозғалған. Кейіннен жәбірленуші тараптың шағымынан кейін іс 99-баптың 1-бөлігіне қайта сараланған. Бірақ адвокат Арман Шәріпов іс 99-баптың 2-бөлігімен саралануы тиіс деп есептейді.
Кейінгі сот процесінде Айзаттың неден қайтыс болғаны айтылып, оны күйеуі аурухана алып келген сәттегі видео көрсетілді.
АЛТЫНАЙДЫҢ ОҚИҒАСЫ
Алтынай есімді әйел де күйеуінен ауыр соққы алған. Оқиға кезінде оның кәмелетке толмаған балалары үйде болған. Әйелдің бас сүйегі мен бет сүйектері сынғанына қарамастан, ол тірі қалған.
“Немолчи” қорының мәліметінше, Алтынай есін жоғалтып бара жатып, телефонға еңбектеп жетіп, анасын шақырған. Анасы Алматы қаласында, ал Алтынай Астанада тұрған. Телефон арқылы балалардың айқайын естіген анасы жедел жәрдем мен полиция шақырған.
Оқиға орнына келген қызметкерлер бастапқыда пәтерге кіре алмаған. Қор дерегіне сәйкес, күйеуінің туыстары есікті ашудан бас тартып, іздерді жасыруға тырысқан. Соған қарамастан, полиция мен медицина қызметкерлері пәтерге кіріп, Алтынайды күштеп алып шыққан.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ПЕН СҰРАҚТАР
«Немолчи» қорының хабарлауынша, Айзаттың күйеуі Айбар Жанболат пен Алтынайдың күйеуі Әсет Аюповқа бастапқыда Қылмыстық кодекстің 106-бабы — «Денсаулыққа қасақана зиян келтіру» бойынша айып тағылған.
Қор өкілдері бұл істерде неге ҚК-нің 99-бабы — «Адам өлтіру» бабы бірден қолданылмағанын сұрақ ретінде көтеріп отыр
Қазіргі уақытта Айбар Жанболатқа қатысты іс Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі бойынша қаралып жатыр. Алайда құқық қорғаушылар бұл істе 2-бөліктің — ерекше қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру белгілері бар екенін алға тартады.
РЕЗОНАНС
Қор өкілдері Айзаттың өзі енді басынан өткенін айтып бере алмайтынын, ал Алтынайдың аман қалуы — дер кезінде көмек сұрай алғанының нәтижесі екенін атап өтті.
- Бұл екі жағдай — тұрмыстық зорлық-зомбылықтың “отбасылық жанжал” ретінде бағалануы қаншалықты қауіпті екенін көрсетеді, — делінген қор хабарламасында.
ҮКІМ ШЫҒАТЫН КҮН
Алтынай ісі бойынша бүгін, 22 желтоқсанда сот үкімі шығуы тиіс.
- Қазір ол (Алтынайдың күйеуі) үш жыл да отырмай, таңертең Көкшетауда еркін жүріп-тұрады да, кешке түнемелеу үшін мекемеге қайта оралады. Оның алған жазасы – осы ғана. Бұл қалай болғаны? Оның себебі мынада: ҚК-нің 106-бабы бойынша саралау сол күйі қалдырылды; Алтынай қаза тапқан жоқ, тірі қалды (тергеу осылай деп есептегендей); Әсет – ер адам, ал Алтынай оны (оның түсінігінше) өзі ашуландырған; заң ерлердің жағында мінсіз жұмыс істейді, ал әйелдер үшін – жұмыс істемейді, – дейді қор өкілдері.